Бюджеттен тыс қорларға бақылау керек – Мәжіліс депутаты

Бюджеттен тыс қорларға бақылау керек – Мәжіліс депутаты

Бюджеттен тыс қорлардың шығыны Парламент пен есеп комитетінің бақылауынан тыс қалған.

Яғни миллиардтаған қаржыға есеп жүргізілмейді. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, 2019 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әкімшілік шығындары 5,8 млрд теңге болған. Оның 4 млрд теңгеден астамы жалақыға жұмсалды. Депутаттың есебі бойынша, қордағы 850 қызметкер айына 434 мың теңгеден алыпты. Бұл елдегі орташа жалақыдан 2 есе көп. Ал қор кеңесінің 4 мүшесінің әрқайсына 19 млн теңгеден сыйақы төленген. Депутат Үкіметке сауал жолдап, бюджеттен тыс қорлардың қызметін ашық түрде жүргізіп, шығындары туралы ақпаратты жариялап отыруды ұсынды. Сондай-ақ мемлекет басшысының бюджеттен тыс әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы шоғырландыру туралы тапсырмасын жедел орындау керектігін айтты.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік, медициналық сақтандыру қорлары мен БЖЗҚ қаражатын біріктіріп«кеңейтілген бюджет» енгізу міндетін қойған болатын. 2020 жылы бюджеттен тыс қорларға аударымдар мен жарналардың жалпы сомасы 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл табыс салығынан республикалық бюджетке түсетін қаржыдан да көп. Бюджеттен тыс қордың шығыстары Парламент пен Есеп комитетінің бақылауынан тыс қалады. Мысалы, 2019 жылы БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары 11,8 миллиард теңгеден, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 1,9 миллиард теңгеден асты.