Шымкентте 800-ден аса жүк көлігін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Жол ережесін бұзғандарға 100 миллион теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді, деп хабарлайды 24KZ.

Көліктік бақылау инспекциясының өңірдегі өкілдерінің айтуынша, заң бұзушылар саны былтырғымен салыстырғанда екі есе көбейген. Олардың дені жүкті шамадан тыс көп тиеп алады немесе халықаралық тасымал қағидаларын бұзады. Жол сапасын бақылаушылар мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен бірлесіп рейд өткізді. Мамандар: «қаладағы асфальт жолдардың жылға жетпей тозуына жүкті шамадан асырып тиейтін жүк көліктері кінәлі», – дейді.

Нұржау Әсілбеков, Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы:

- Бүгінгі іс-шарада 15 шақты автокөлік құралын тоқтатып тексердік. Оның ішінде жүкпен ауыр салмақпен келген 1 көлік қазір айып тұрағына жеткізілді. Артық салмақ артпаңдар деген мақсатпен ескерту және халыққа жеткізу, үндеу жасадық.