USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Мексикада жойқын зілзалаға байланысты үш күн аза тұту күні деп жарияланды

Мексикада жойқын зілзалаға байланысты үш күн аза тұту күні деп жарияланды

Бұл туралы президент Энрике Пенья Ньетоның әкімшілігі хабарлаған.

Мемлекеттің ұлттық құтқару қызметі басшысының мәліметтеріне қарағанда табиғи апаттан қаза тапқандар саны 230 адамға жетті. Ел астанасы Мехиконың өзінде 100 адам зілзала құрбаны болды. Сондай-ақ мұнда 44 нысан қирап, бірнешеуінің қабырғасы сөгілген. Енді зақымданған үйлердің тұрғындары баспанасына кіре алмай, дал болып, далада жүр.

Ангел Фуентес, жергілікті тұрғын:

- Құтқарушылар келіп үйіңіздің қирап қалуы мүмкін деп сыртқа шығарды. Енді ішке кіре алмай отырмыз. Тағы да жер сілкінсе, бұл баспаналардың жермен-жексен болуы да ықтимал.

Құтқарушы:

- Тұрғындарға гуманитарлық көмек те, құтқарушылар тарапынан берілетін жәрдем де жетіп жатыр. Сондықтан оларға алаңдап, үйден шыға бермеуге кеңес беремін. Өйткені адамдардың кейбір әрекеті құтқару жұмыстарына кедергі келтіреді.

Ал Мехикода опырылып құлаған бастауыш мектепте 21 бүлдіршін мен 5 ересек адам қаза тапқан. Құтқарушылар бір қыз баланы қиранды астынан аман алып шықты. Қазір мұнда 500 әскери мен 200 полицей үйіндіні аршып жатыр.

Еске сала кетейік, Мексикада 7,1 баллдық жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Пуэбла штатындағы Атенсинго қаласынан 8 шақырымдай жерде тіркелген.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде