USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Түркия Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауын қатаң сынады

  • 219
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Түркия Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауын қатаң сынады

Ақ үй басшысы Дональд Трамптың «Иерусалимді Израильдің астанасы» деп мойындап, АҚШ елшілігін осы қалаға көшіру туралы шешімін ресми Анкара қатаң сынға алды. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның айтуынша, бұл қадам аймақтағы жағдайды одан әрі ушықтырып, қақтығыс ошағына айналдырады.

Ержан Жүніс, тілші:

- Онсыз да этникалық, діни және террорлық әрекеттерден көз ашпай, тыныштығынан айырылған Таяу Шығыс аймағы кезекті қауіп-қатердің сәл ғана алдында тұр. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалим қаласын Израиль астанасы ретінде мойындауы ислам әлемінің наразылығын тудырды. «Өйткені Иерусалим – ислам, христиан және иудаизм діндері үшін қасиетті мекен» деген түрік елінің мемлекет басшысы Америка мен Израиль БҰҰ Иерусалимге қатысты қабылдаған 1980 жылғы қарарын аяққа таптап, келісімді өрескел бұзғанын атап өтті. Осыған байланысты ресми Анкара Ислам ынтымақтастық ұйымындағы төрағалық міндетін пайдаланып, алдағы сәрсенбі күні Ыстамбұлда ұйым мүшелерінің басын қоспақ.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

- Америка мен Израильден басқа әлемде ешбір мемлекет БҰҰ-ның 1980 жылы қабылдаған қарарын бұзған емес. Қазір осы мәселені ушықтырып, қайта күн тәртібіне шығарған Трамп мырзаның нені меңзеп тұрғанын әзірге түсіну қиын. Бірақ ол бұл әрекеті арқылы әлемді, оның ішінде осы өңірді қақтығыс ошағына айналдырады. 

Ақ үй басшысының ұстанымына осылайша қарсылық білдірген Реджеп Тайип Ердоған іс насырға шаппай тұрып, христиан әлемінің рухани көшбасшысы Рим Папасы Францискпен, Ресей президенті Владимир Путин және Еуропа елдерінің басшыларымен әңгімелесетінін мәлімдеді. Дональд Трамптың шешімі қарапайым түркиялықтардың да ашу-ызасын қоздырды. Осы елдегі қоғамдық ұйымның белсенділері кешелі бері АҚШ-тың Анкарадағы елшілігінің алдында және Ыстамбұл қаласының орталық көшелерінде наразылық шарасын өткізіп жатыр.

Хами Айдоған, қоғамдық ұйымның белсендісі:

- Мұсылмандар үшін қасиетті орын есептелетін Иерусалимнің Израиль астанасы болуына үзілді-кесілді қарсымыз. Бүгінгі наразылық шеру арқылы біз бұл шешімді ешқашан қолдамайтынымызды білдірмекпіз. 

Ержан Жүніс, тілші:

- Бұл Түркиядағы қараша халықтың Ақ үй саясатына білдірген бейбіт наразылығы. Алайда сарапшылар мұның соңы аймақта терроризм мен экстремизм қаупінің өршуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Қазірдің өзінде Палестина ғалымдарының одағы мен ХАМАС ұйымының көшбасшысы Израильге қарсы «интифада» жариялады.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top