USD 319.65

EUR 392.60

РУБ 5.63

Қырғызстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 30 пайызға көбейген

Қырғызстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 30 пайызға көбейген

Қырғызстандық шаруалар енді Еуразиялық экономикалық одақ нарығын жаулай бастады.

Бұған ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемінің ұлғаюы дәлел. Статистикаға сүйенсек, тек өткен жылдың өзінде экспорт көлемі 30 пайызға көбейген. Жақында ғана ресейлік ірі логистикалық холдинг қырғыз шаруаларының ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге көмек қолын созып, ұсыныс жасапты. Қырғызстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер арасындағы тауар айналымының көлемі екі есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы аграрлық сектордағы ынтымақтастық жөніндегі ортақ меморандумға қол қою кезінде мәлім болды. Осы құжатқа сәйкес ресейлік тарап Қырғызстанның экспорттық инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі міндетті орындауы тиіс. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілерге мамандандырылған алаң бөлініп, тауарды қабылдап алу мен өңдеу жүйесі де жолға қойылатын болды.

Богдан Григорьев, «Росагромаркет» холдингінің бас директоры:

- Ресейдің ірі қалаларында орналасқан біздің орталықтардың арқасында қырғыз өндірушілері мен жеткізушілері өз өнімін дүкендер желісіне өткізіп, белгілі бір сауда нүктелерінің талабына сай буып-түйіп, орналастыруға мүмкіндігі болады. Олар біздің арнайы жасатқан алаңымызда отандық өнімдерін сақтап және қонақүй мен жекелей сауда орындарына сата алады.

Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылы тамақ өнеркәсібінің өсу қарқыны 112%-ды құраған. Сонымен бірге ЕАЭО нарығына шығарылған ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі өткен кезеңмен салыстырғанда 126%-ды құрады.

Ленара Ниязбекова, Қырғызстан импорттаушылар мен экспорттаушылар бірлестігінің төрайымы:

- 2016 жылы біз алғаш рет ЕАЭО нарығына шықтық. Нарықтың талабы үш фактормен анықталады. Олар – баға саясаты, көлем және бәсекеге қабілеттілік пен жүйе. Қазіргі таңда Қырғызстан ЕАЭО аясында осы процестер бойынша жұмыс істеп жатыр. Әрине, агроөнеркәсіпті жүйелендірмей, экспорт туралы айта да алмаймыз.

Кезекті ауыл шаруашылығы маусымының қарсаңында президент Сооронбай Жээнбеков жауапты мекемелерге фермерлерге қажетті жағдай жасау арқылы сыртқы нарыққа қырғыз өнімдерін сату бойынша жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Өндірісін дамыту үшін біраз уақытты қажетсінетін өнеркәсіпке қарағанда, аграрлық сектордың жұмысы жеңілдеу. Қазірдің өзінде фермерлер ЕАЭО нарығына өз өнімдерін шығара алады. Ал тауарлардың сапасы сыртқы нарыққа толық сай келмегенімен, кемшіліктер кеми түскен.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде