Әлемдегі халқы ең көп елде бала тууға шектеу қойылмауы мүмкін - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Әлемдегі халқы ең көп елде бала тууға шектеу қойылмауы мүмкін

Әлемдегі халқы ең көп елде бала тууға шектеу қойылмауы мүмкін

Қытай бала тууға шектеуді алып тастауы мүмкін. Cебебі

ел билігі осылайша халықтың қартаю қарқынын бәсеңдетпекші. «Бала табудың еркіндігі» атты жаңа бағдарлама жұрттың өз қалауы бойынша бірнеше сәби сүюіне жағдай жасауы тиіс. Бұл жаңалықты қарапайым қытайлықтар қалай қабылдады?

Ли Тиань Бейжіңдегі сауда компаниясында жұмыс істейді. Жалғыз баласына көңіл бөлуге тек кешке қолы тиеді. Биліктің бірнеше сәбилі болуға рұқсат беретінін естіп қуанып қалғанын айтады. Бірақ өзі екінші сәби көтеруге асықпайды. 

Ли Тиань, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Осы баламды жеткізсем деймін. Әзірге екіншісін жоспарлаған жоқпыз. Өйткені біз сияқты үлкен қалаларда тұратын отбасылар үшін бірнеше бала өсіру қиын. Жұмыстан босамаймыз. Әрине тууға шектеуді алып тастаса қолдаймын. 

«Бір отбасыға бір баладан» деген саясат 1979 жылы қабылданды. Ол қаншама уақыт бойы бірнеше сәби сүйгісі келген отбасыларды айыппұл төлеуге, жасанды түсік жасатуға және баласын тығып өсіруге итермеледі. Араға қырық жылға жуық уақыт салып, «Бір отбасыға бір баладан» саясаты жеңілдетілген еді. Бүгінде Қытайдағы ерлі-зайыптылар екі бала өсіре алады. 

Жин Юй, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Менің екі балам бар. Ұлымды 2016 жылы шектеуді алып тастаған соң көтерген едім. Әзірше осы жетеді деп ойлаймын. 

Сарапшы Сун Жианның сөзінше жастар үйленуге, отбасылы болса да сәби сүюге асықпайды. Көпшілігі табысты жұмысқа орналасуды ойлайды. Карьера қуады. Сондықтан үкімет тарапынан бірнеше бала өсіретін ерлі-зайыптыны қолдайтын бағдарлама әзірленіп жатыр екен. Келешекте қазіргі «екі бала» саясатынан да тиімді жобалар қабылданбақ. Бірақ бүгінгі жастардың өмірлік ұстанымы өзгермесе ол бағдарлама қаншалықты нәтиже береді? Әзірге белгісіз.

Сун Жиань, Қытай халық университеті қоғамдық дамуды зерттеу орталығының профессоры:

- Екі бала тууға рұқсат бергелі көп уақыт өткен жоқ. Бірақ көпшілігі бұл саясаттың нәтижесі соншалықты жақсы болмағанын айтып жатыр. Ал статистикалық мәлімет бойынша екі жылдағы нәтиже жаман емес. Мәселен, екінші бала туу көрсеткіші осы уақыт аралығында 30 пайыздан 50 пайызға артқан. Бірақ тұңғыш баласын дүниеге әкелгендер саны азайып кеткен. 

Қытай әлемдегі халқы ең көп ел. Бірақ азаматтарының басым бөлігі қартайып бара жатқан мемлекет. Ерлердің саны әйелдерден 30 миллионға артық. Өйткені бір бала саясаты артында ұрпақ қалдырғысы келген жұртты тек ұлға құштар қылды. Осының бәрі демографиялық жағдайға ғана емес, елдегі жұмыс күшіне де әсер етті. Енді осы мәселені шешу үшін бала тууға шектеу болмайды. Нақты шешім биыл немесе 2019 жылдың басында қабылдануы мүмкін. 

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 әлеуметтік желілерде