USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Түркістанның мәртебесі туралы жаңалық түркітілдес елдерді қуанышқа бөледі

Түркістанның мәртебесі туралы жаңалық түркітілдес елдерді қуанышқа бөледі

Түркістан облысының құрылуы туралы жаңалықты түркітілдес мемлекеттер тарапы да қуанышпен қабылдады.

Себебі бұл киелі қала Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан түркі елдерінің мәдени және саяси орталығы екені мәлім. Көрші ел тұрғындарының айтуынша, Түркістанға берілген жаңа мәртебе аймақтың дамуына, үлкен серпін береді.

Орталық Азияның кіндігінде жатқан Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Киелі мекен әулие-әмбиелер қорымымен және тарихи нысандарымен танымал. Енді 19 маусымнан бастап, Оңтүстік Қазақстан Түркістан облысы болып өзгертілді. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріледі.

Бұл жаңалыққа алғашқылардың бірі болып көршілес елдің тұрғындары да қуанды. Олар үшін Түркістан ұлы ойшыл, ақын және философ Қожа Ахмет Яссауидің туған жері.  Әзербайжан публицисі Аида Эйвазлы жаңа өңірдің құрылуын түркі халықтарына жасалған үлкен сый деп бағалап отыр. 

Аида Эйвазлы, публицист:

 - Біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бұл жерде тарихи тұлға Ахмет Яссауидің өзі жерленген. Ал жалпы Түркістанда 70-ке жуық тарихи ескерткіш бар. Жаңа өңірді құру түркі халқы үшін үлкен сыйлық деп есептеймін. Және Қазақстанның ауқымды қала құруда мықты тәжірибесі бар. Жақын арада бұл шаһар тарихи әрі заманауи дамыған қала ретінде әлемге танымал болатындығына сенімдімін.

Енді рухани астанамыз облыс орталығына айналып, экономика мен әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіре түспек. Дамудың даңғыл жолында биік ғимараттар, зауыттар мен өндіріс орындарының құрылысы басталары сөзсіз. Шаһарға замануи сән берілгенімен, оның көне немесе тарихи келбеті сақталып қалуы тиіс.

Бұл пікірді көршілес Түркияның азаматы білдірді. Қуанышты жаңалықты естіп, ізгі-тілектерін де арнай кетті.

Сержан Акбэй, Анкара қаласының тұрғыны:

- Түркістан - түбі бір түркі халықтарының мәдени әрі рухани ордасы. Өйткені бұл көне шаһардың әр тасы біздің тарихымыздан сыр шертіп тұр. Қаланың облыс орталығы болуымен заманауи әуежай ашылып, инфрақұрылым талапқа сай өзгереді. Ол кезде туристердің қарасы тіпті көбейетіні анық. Алайда жаңа әкімшілік аймақта бой көтеретін зәулім ғимараттар тарихи қаланың келбетімен үйлесім тапса деймін. Яғни Түркістан рухани астана мәртебесіне ылайық өсіп-өркендеуі тиіс.

Қаланың көпғасырлы тарихы, архитектуралық ескерткіштері және қолайлы климаты саяхаттанушылар тарапынан қызығушылық тудырып келеді. Жыл басынан бері 300 мың халқы бар Түркістанға алыс-жақын шет елдерден жарты миллионға жуық турис келген. Осылайша туризм саласынан жергілікті бюджетке бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат түскен.

Ендігі облыс орталығына айналған қала үшін көрсеткішті еселеп арттыру мақсаты бірінші орында болмақ. 

Валерий Бирюков, саясаттанушы:

- Түркістан ең алдымен киелі ескерткіштер орналасқандықтан туристтердің назарын өзіне тартады. Он мыңдаған өзбек азаматы бұл шаһарға барып, көріп қайтуды өз міндеттері деп санайды. Осы орайда Қазақстандағы ауқымды өңірлердің біріне Түркістан атауы берілуі бұл көрсеткішті еселей түсері сөзсіз. Жаңа ғимараттар салынып, қатынау жолдары түзеледі. Әрине, бұл туризм саласының дамуына үлкен серпін береді.

Енді онсыз да еліміздегі мәдениет, білім және рухани мәртебесі жоғары қаланың Ұлы Жібек жо­лы­ бойындағы құндылығы арта түседі. Сауда-саттықты, ауыл шаруашылығының бар­лық бағытын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар жасалатыны анық. Яғни бұл үдеріс өңірдегі экономиканың, бизнестің және инфрақұрылымның дамуына серпін бермек.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 әлеуметтік желілерде