352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік және Солтүстік Корея басшылары қыркүйекте Пхеньянда кездеседі

  • 168
Оңтүстік және Солтүстік Корея басшылары қыркүйекте Пхеньянда кездеседі golos-ameriki.ru

Тараптар осылайша бір жылдың ішінде 3-рет бас қосқалы отыр.

Алқалы жиын Пхеньян қаласында өтеді деп жоспарлануда. Бұл жөнінде қос елдің министрлік өкілдері арасындағы келіссөзде белгілі болды.

Соңғы кезде қос Кореяның басшылары жиі кездесетін болды. Тіпті, осыған орай ортақ дәстүрлер де қалыптаса бастады. Мәселен, оңтүстіккореялық мамандар таңғы 7-де тілшілермен кездесіп, жоспарларымен бөліседі. Содан кейін барып келіссөзге аттанады. Сонымен қатар Сеул қаласында Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы диалогқа арналған кеңсе ашылды. Оның қабырғалары әртүрлі кездесулерден сыр шертетін фотосуреттерге толы. Әсіресе Мун Чже Ин мен Ким Чен Ын қол алысып тұрған сәттерге ерекше басымдық берілген. Мемлекет басшылары алдағы қыркүйекте тағы бір жолыққалы отыр.

Чо Мён Гюн, Корея Республикасының бірігу жөніндегі министрі:

- Екіжақты келіссөздер нәтижесінде мемлекет басшылары қыркүйек айында Пхеньянда кездеседі деген тоқтамға келдік. Бұл бірлескен мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болмақ.

Осындай екіжақты ынтымақтастық арқасында қазір қос елдің спортшылары бір тудың астына біріккен. Өзара жолдастық кездесулер ұйымдастырып тұрады. Ал тамыз айының соңында қос Корея арасындағы соғыстың салдарынан екі жаққа айырылған туыстарды кездестіру жоспарланып отыр. Ал сарапшылар болса Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы байланыс спорттық және мәдени ынтымақтастықтан әрі аспайтынына сенімді.

Андрей Ланьков, саясаттанушы:

- Екі ел нақты экономикалық ынтымақтастыққа қадам баса алмайды. Ол үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі санкциялардың күшін азайтуы керек. Ал АҚШ-тың сол кеңеске тұрақты мүше екенін ескерсек, бұл мақсатқа қол жеткізу мүлде мүмкін емес екені анық.

Сингапурдағы Дональд Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы кездесу Америка мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасты біраз жақсартты. Бірақ санкцияларды алып тастауға еш әсер еткен жоқ. Сол себепті таяу болашақта қос Кореяның қосылуы да екіталай деп болжайды мамандар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы