Бельгияда коронавирусқа қарсы вакциналау қалай жүріп жатыр

Бельгияда коронавирусқа қарсы вакциналаудың бірінші кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпе алдымен қарттар үйінің тұрғындары мен сол мекеме қызметкерлеріне салынуы тиіс. Бүгінге дейін олардың үштен бірі вакцинаны алып үлгерді. Науқанның келесі кезеңі қалай өтеді? Бұл туралы сол елдегі отандасымыз Наталья Храмых-Оверченко айтып берді. Наталья – Бельгияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейтін жалғыз қазақстандық.

Қазақстандық Наталья Храмых – Оверченко Бельгияның Антверпен қаласында жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етеді. Пандемия басталғалы оның жұмысы қауырт. Отандасымыз көп науқасты қабылдайды. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпе салдырамын деп шешкен. Наталья бұл туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазатынын айтады.

Наталья Храмых-Оверченко, дәрігер:

– Вакцина ерікті түрде және тегін салынады. Мәселен, тіпті медициналық мекеме қызметкерлерінің өздері одан бас тарта алады. Ешкім күштемейді. Бірақ қалай дегенмен ақ халаттылар науқастармен жұмыс істейтіндіктен, вирусты жұқтыру қаупі жоғары екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бәрі екпе салдырамыз деп отыр.

Вакциналау жоспарына сәйкес, Бельгияда қарттар үйінен кейін екпе медициналық қызметкерлерге салынады. Наурыздың басында оны созылмалы аурулары бар жасы 65-тен асқан тұрғындар алады. Натальяның айтуынша, олардың әрқайсысына пошта арқылы тақаудағы вакциналау орталығының мекенжайы көрсетілген шақырту жіберіледі. Жалпы, отандасымыз Семейдегі мемлекеттік медициналық академияда білім алған екен. 8 жыл бұрын Бельгияға көшіп келіпті. 

Наталья Храмых-Оверченко, дәрігер:

– Семейдегі медициналық академияның дипломы мұнда медицина мастері деп танылды. Бұл тек мен үшін ғана емес, Семейдегі әріптестерім үшін де үлкен мәртебе деп санаймын. Өйткені Бельгияда шетелде білім алу туралы дипломның бәрі бірдей мойындала бермейді. Академияма, ұстаздарыма алғысым шексіз! Мен мұнда отбасылық дәрігер ретінде жұмысымды жалғастыруды ұйғардым. Сол үшін 3 жыл «Отбасылық медцина» мамандығы бойынша магистратурада оқыдым.

Наталья эпидемия медициналық қызметкерлермен қатар науқастар үшін де ауыр сынақ болғанын айтады. Алайда жерлесіміз мойымауға шақырып, Бельгияда да, Қазақстанда да, жалпы бүкіл әлемде жақын арада эпидемиологиялық ахуалдың жақсаратынына сенім білдірді.

Жұлдыз Атагельдивеа Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов