Сарапшылар: 2021 жылы еңбек нарығы бірнеше сценарий бойынша дамуы мүмкін

Коронавирус пандемиясы еңбек нарығына орасан соққы жасады. Қазір әлем елдерінде жұмыссыздық белең алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантиннің кесірінен, әсіресе, қызмет көрсету саласы тығырыққа тірелді. Көптеген мемлекетте екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер қатары артты. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша өткен жылы әлемде жұмыс уақытының қысқаруы артқан. 

Әлемде жұмыс уақытының қысқаруы 2009 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыс кезімен салыстырғанда 4 есеге артты. Сарапшылардың есебі бойынша өткен жылы шамамен 255 млн жұмыс орны қысқарған. Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Гай Райдердің айтуынша, ковидтің кесірінен еңбек нарығындағы қиыншылық 1930 жылдан бері ең үлкен дағдарысқа тап болды. Салдарынан әлем экономикасының жалпы ішкі өнімі 4,4%-ке құлдырады.

Гай Райдер, халықаралық еңбек ұйымының басшысы

- 2019 жылмен салыстырғанда былтыр жұмыс уақытының қысқаруы 8,8%-ке артты. Әрине, ол әлем экономикасына кері әсерін тигізді. Бұл үрдіс биыл да жалғасады. Миллиондаған адам нәпақасынан айырылуы мүмкін. Осы уақытқа дейін көптеген кәсіпорындар мүлдем жабылып қалды.

***

Ұлыбритания билігі жұмыс уақытын қысқарта бастады

Бүгінде жұмыссыздық Ұлыбританияда рекордтық көрсеткішке жетті. Статистика бойынша нәпақасыз отырғандардың қатары 5%-ті құрайды. Олардың басым бөлігі жастар. Карантинде елдегі көптеген кәсіпорын жабылып қалған. Халық жаппай қызметсіз қалмауы үшін жергілікті билік жұмыс уақытын қысқарта бастады.

Эйдан Харпер, экономист:

- Қызметкерді қысқартудан гөрі жұмыс істеу уақытын азайтқан жөн емес пе?! Бұл шешім ел экономикасына да өндіріс орындарының тіршілігіне де тиімді деп ойлаймын. Өзге елдердің тәжірибесіне үңілсек, экономикасы қуатты мемлекеттерде жұмыс уақыты аз екенін байқаймыз. Тіпті өндіріс көлемі де өзге елдерге қарағанда артық болады. Мысалы 6 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне көшкенде бұл өзгерістің ұтымды тұстары көп болды.

***

Жапонияда да жұмыссыздық етек алды

Экономиалық әл-ауқаты мықты деп саналатын Жапонияда 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 2,8%-ті құрады. Бұндай көрсеткіш соңғы 11 жылда алғаш рет тіркелді. Билік өкілдерінің айтуынша, 2009 жылы болған жаһандық экономикалық дағдарыс кезіндегі еңбек нарығы қайта оралған. Пандемияның салдарынан екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қарасы 290 мың адамға көбейді. Қазір жұмыссыз қалған жұрттың жалпы саны 1 млн 900 мыңға жеткен.

Марсель Тилиант, экономист:

- Бұл коронавирустың экономикаға тигізген зардабы. Жергілікті биліктің қолға алған шаралары әлі де жеткіліксіз. Жапонияның экономикасына қан жүгірту үшін әлі біраз уақыт қажет болады.

***

АҚШ-та мемлекеттік жәрдемақы алғандар азайды

Ал, алпауыт Америкада желтоқсан айында жұмыссыздық деңгейі шамамен 7%-ті құрады. Қараша айында дәл осындай көрсеткіш болды. АҚШ-та бір айдың ішінде 140 мың жұмыс орны қысқарған екен. Алайда қазір жағдай біршама оңала бастаған сыңайлы. Елдің еңбек министрлігінің мәліметі бойынша соңғы кездері мемлекеттің жәрдемақысына өтініш білдіріп жатқандар саны азайып барады. Мәселен соңғы аптада түскен өтініштер бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда 67 мыңға кем болған.

Марк Хэмрик, экономикалық сарапшы:

- Өткен жылдың ақпан айынан бері елдегі әр бесінші мейрамхана уақытша жабылды. Қонақ үй мен қоғамдық тамақтану орындарында еңбек етіп жүргендер табысынан айырылды. Дегенмен, қазір жәрдемақыға қарап қалғандар қатары азайды. Әзірге жұмыссыздық көрсеткіші бірқалыпты десе болады.

Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары 2021 жылы еңбек нарығы бірнеше сценарий бойынша дамуы мүмкін деп болжайды. Ал, қазірден бастап көптеген елдер жұмыс уақытын қысқарта бастады.