Бельгияда барлық жабық ғимараттарда бетперде тағу тәртібі енгізіледі

Бельгияда барлық жабық ғимараттарда бетперде тағу тәртібі енгізіледі

Бельгияда халықты жаппай вакциналау шарасына қарамастан барлық жабық ғимараттар мен кеңселерде бетперде тағу тәртібі енгізледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Корольдіктің қоғамдық денсаулық сақтау институтының мәліметтеріне сүйенсек, індет басталғалы бұл елде 700 мыңнан аса адам вирусты жұқтырған. 21 мыңнан аса науқас қайтыс болды. Соңғы аптада ауруханаларға түскен адамдардың саны азайған. Бірақ қауіпті кеселді күніне 2 мыңнан аса адам жұқтырып алып жатыр. COVID-19-дың жаңа штамын жұқтырып алушылар да көбейген. Сарапшылардың пікірінше, қазір олар барлық тест тапсырғандардың 15%-ін құрайды. Бірақ наурыз айында олардың қарасы едәуір артуы мүмкін. Осы себепті бетпердені тағуға байланысты жаңа тәртіп енгізілгелі отыр.

Ив Ван Лаэтем, Коронавируспен күрес жөніндегі федералдық орталықтың өкілі:

- Матадан жасалған немесе медициналық бетперде таққан дұрыс. Масканың орнына бұрынғыдай бетті бүркеп, кез келген орамалмен оранып алуға енді болмайды. Өйткені оның көмегі шамалы. Желдеткіш түймешегі бар бетпердені де тақпауға кеңес беріледі. Барлық жабық ғимараттарда бір жарым метр арақашықты сақтау мүмкін болса да, бетперде тағып жүру міндетті. Жасы 12-ге толған әрі одан ересек балалар мектептерде, қоғамдық орындарда, дүкендерде және далада да маска тағып жүруі тиіс.