Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіруі еңбек мигранттарына жаңа мүмкіндіктер ашты

Интеграциялық бірлестік жұмыс үшін шетел асып барған ала тақиялы ағайынға арнайы рұқсат қағазынсыз еңбек ету, төмен салық төлеу секілді жеңілдіктерге қол жеткізбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасын Біркенов, тілші:

– Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы мемлекет ретінде 2 ай бұрын кірді. Интеграциялық бірлестік қай салада да жаңа мүмкіндіктер екені белглі. Әсіресе еңбек мигранттары да ұтады дейді мамандар. Дерек дәйекті болу үшін осы елдің сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі Агенттігі мынадай дәлел келтірген.

Біріншіден, жұмыс іздеп, шетел асып кететін өөзбек азаматтары Одаққа мүше мемлекеттерде 30 күн бойы тіркелмей, емін-еркін жүре алады. Екіншіден, жұмыс істеу үшін рұқсат алудың қажеті болмайтын көрінеді.

Кмола Шукурова, Өзбекстан сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттігінің басқарма басшысы:

– Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болса, мигранттарға жұмыс істеу үшін квотаның қажеттілігі болмайды. Одан бөлек, осы мемлекеттерде уақытша еңбек етуге арналған рұқсатнама құжаттарын рәсімдеу де керек емес.

Қазір жұмыс істеу үшін рұқсат алу мигранттардың қалтасын қағатын көрінеді. Ресейде бір патент 80 мың теңгедей тұрса, делдалдар бұл құжатты 2 есе артық сатады екен. Ал Қазақстанда шетел азаматын жұмысқа алу үшін 200 доллар төлеп, оларды заңды тұлғаға рәсімдеу керек.

Экономикалық одақтың енді бір тиімді тұсы – салықтық жеңілдіктер. Еңбек мигранттары төлейтін міндетті төлемдердің ставкасы азаяды.

Кмола Шукурова, Өзбекстан сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттігінің басқарма басшысы:

– Бүгінде Ресей Федерациясының заңы бойынша шетелдіктер аударатын салықтың мөлшері - тапқан пайдадан 30 процент. Ал осы елдің азаматтары небәрі 13 пайыз төлеп отыр. Егер Одаққа кірсек, онда еңбек мигранттарының құқығы теңестіріліп, олар да 13 процент төлейтін болады.

Жасын Біркенов, тілші:

– Мамандардың айтуынша, мигранттарға зейнетақы төлеген кезде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі еңбек өтілі есепке алынады. Сонымен бірге Одаққа мүше мемлекеттер жұмыс іздеп барған шетел азаматтарының дипломдары мен біліктілігі жөніндегі сертификаттарын мойындайтын болады.

Ж.Біркенов және Қ.Оспан