Қытайда мереке кезінде кинотеатрларға 6,5 млрд юань табыс түсті

Қытайда жаңа жылдық демалыстар аяқталуға жақын. Биылғы мереке әдеттегіден басқа болды. Көптеген жанұялар бас қосып, біріге алмады. Десе де, кинотеатрлар да рекордтық кассалық түсімдерін жинап алды. Тек бес күннің ішінде 6,5 миллиард юаньға жуық ақша түсті. Бұл бір миллиард доллармен теңеседі.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл «алтын апта» деп аталатын демалыстардың бірі. Кейбіреулер бұл күндерді туыс-туғандармен кездесу үшін пайдаланса, мегаполис тұрғындары әдеттегідей шетелге демалуға шығатын.

Дегенмен, биыл барлығы қала ішінде қалуға мәжбүр болды. Бұл жағдай ойын-сауық орындарына тиімді болып отыр. Кинотеатрлар, сауда орталықтары, қала саябақтары мен көрнекті жерлері келушілерге толды. Кинотеатрдағы кассалық түсімдер 2019-дың жаңа жылының рекордынан озды.

Кинотеатр көрермені:

- Жұмыстан шаршағандықтан демалыс күндерін біз бала-шағамызбен өткізгіміз келеді. Біз жақсы жарнамаланған, белгілі фильмдерді көргіміз келді. Бірақ қазір киноға барғысы келетін қала тұрғындарының саны көп болғандықтан кезек күтіп, оған онлайн тіркелуге тура келіп тұр.

Бес демалыс күннің ішінде курьерлер 365 миллион түрлі зат жеткізген. Адамдар өздерінің жақындары мен жолдастарына сыйлықтар мен азық-түлік, соның ішінде әсіресе жергілікті деликатестерін жіберген. Өйткені барлығы үй тамағының дәмін сағынады. Дегенмен, тұрғындар қазіргі қойылған шектеулерге түсінікпен қарап отыр. 

БЛИЦ:

- Саябақта немесе жолдың бойында серуендеуге болады, барлық жерде мереке сезіледі. Бейжіңде қалсақ та, жаңа жылды жақсы қарсы алдық. Әрине балаларым жанымда емес, өте сағындым.

- Бұрыңғы жылдарға қарағанда, биыл жаңа жыл әдеттегідей болмады. Әрине ол індетке де байланысты. Курстастарым Бейжіңде қалып, үйлеріне қайта алмады. Шектеу шаралары індетті тезірек жоққа шығаруға көмектесетіндігіне сенімдіміз. 

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Қаладан шығуды шектейін талаптар өз нәтижелілігін дәлелдеді. Қазір сыртқа шығып, оралып жатқан Бейжің тұрғындары тіркеліп жатыр. Олар тест тапсырып, екі апта бойы бақылауда болады. 

Автор: Ботагөз Сырғабаева