Техастағы аяз сенатордың отставкасын талап етуге себеп болды

Күн райы АҚШ-тың 7  бірдей штатында аласапыран туғызып, 34 адамның өмірін қиды. Кісі өлімі әсіресе Техаста көп.

Мұнда аяздың беті қайтпай тұр. 300 мың тұрғын жарықсыз, 260 мыңы сусыз қалды. Бұл жағдайлардың соңы енді саяси жанжалға айналып барады. 

«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді». Осылай деген жұрт Сенатор Тед Круздың үйнің алдына жиылып, ереуіл өткізген. Олар Техастың миллиондаған тұрғыны қар мен аяз салдарынан жарықсыз, сусыз және тамақсыз отырғанда саясаткердің шетелде демалуға кеткені дұрыс болмады дейді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қыздарында сабақ болмағасын сенатор отбасымен Мексикаға жол тартқан екен. Бірақ қоғам тарапынан көп сын айтылғасын Тед Круз демалысын үзіп, Техасқа оралды. Сенатор өз әрекетінің қате болғанын мойындады. Ал жұртшылық енді оның отставкасын талап етіп отыр. 

БЛИЦ

  1. Халықтың басына күн туғанда, Тед Круздың қай сасқаны? Мұнда аяздан құбырлар жарылып, жұрт тоңып жатқанда, ол жылы жерге демалуға кетіп қалды. 
  1. Бізге мұндай сенатордың не қажеті бар? Ол тұрғындардың мүддесі үшін жұмыс істеудің орнына жұртқа қарсы әрекет етіп жатқан жоқ па? 

Халықтың ашуланатындайы бар. Өйткені мұндай суыққа үйренбеген құбырлар аязға шыдас бермей, жарылған. Салдарынан халық сусыз қалды. Аяздан электр желілелері зақымданып, мыңдаған тұрғын жарық пен жылусыз отыр. Сол себепті қазір отын мен газға деген сұраныс артқан. Тұрғындар оны сатып алу үшін кезекте тұруға мәжбүр.

Грег Мерфи, Хьюстон тұрғыны:

- Біз жарықсыз отырмыз. Тоңбау үшін пропанның көмегімен жылынамыз. Қолдан келгені ағаш отын сатып алады. Бірақ оны жағып жылынатын ошақ біреуде болса, біреуде жоқ. 

Штатта азық-түлік пен су қоры да азайған. Өйткені бірнеше күн жарық болмағасын, тамақ бұзылған. Дүкендерде тоңазытқыштар қосылмай, кәсіпкерлер бүлінген біраз тауарды қоқысқа тастаған. Алда ауа райы қалай боларын білмеген жұрт жаппай дүкенге ұмтылып, сөрелер босап қалды. Бірақ билік дүрбелеңге салмауға шақырып отыр. Өйткені женсенбіде күн жылынады деген болжам бар. 

Жұлдыз Атагелдиева, Алмагүл Серікпаева