Лос-Анджелесте ата-аналар ереуіл өткізді

Шараға тіпті оқушылардың өздері де қатысқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәрінің айтары бір. Олар мектептердің қайта ашылуын талап етіп отыр. Жиылған жұрт онлайн сабақтан шаршағанын айтады. Негізі жуырда жергілікті денсаулық сақтау департаменті өңірде эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын жария еткен. Қазір 100 мың тұрғынға шаққандағы деректер саны 25-ке дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш мектептердің қайта ашылуына жеткілікті. Алайда билік балалардың партаға қайта отыруы үшін мұғалімдердің барлығы вакцина салдыру керек дейді. Ал білім беру саласы қызметкерлерінің қашан екпе алатыны белгісіз.

БЛИЦ:

– Біз мектепке оралғымыз келеді. Қазір эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Бірақ биліктің мектептерді неге ашпай отырғаны түсініксіз. Мұғалімдердің кінәсі қанша? Олар сабақты түсіндіруге барын салады. Алайда олар экранның ар жағында, біз мына жағында отырамыз. Қанша дегенмен жаңа материалды түсіну қиын.

– Балалар үйде отырып, мезі болды. Күйзеліске ұшырап жатыр. Білім беру сапасы төмендеп, оқушылардың үлгерімі нашарлап барады. Сол үшін мектептерді қайта ашуды талап етеміз.