Ауғанстанда зорлық-зомбылық құрбандары азайды – БҰҰ

Ауғанстанда былтыр түрлі зорлық-зомбылықтан қаза тапқан немесе жарақат алған бейбіт тұрғындар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 15 процентке төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай мәліметті Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек беру миссиясының өкілдері келтірді. Яғни бұл елде содырлардың шабуылы, жанкештілердің жарылысы және әскери қақтығыстар азайған. Бірақ сонда да Ауғанстан әлемде қатардағы халық мезгілсіз қазаға ұшырайтын ең қауіпті ел санатынан түспей тұр. Көбіне сот, медиа және азаматтық белсенді тұрғындарға шабуыл жиі жасалады. Бұл шапқыншылықтардың 60 проценті «Талибан» лаңкестік ұйымы бақылау жасайтын аймақтарда болады екен.

Фиона Фрейзер, БҰҰ Ауғанстандағы адам құқықтары жөніндегі директоры:

– 2020 жылды бейбітшілік орнату жолында оң өзгеріске қол жеткізілген жыл деп қарастыруға болады. 2019 жылы 8800-ден астам бейбіт тұрғын қаза тапса, былтыр құрбандар қатары 15 процентке кемігенін анық байқап отырмыз. Біз бір-біріне қарсы тараптардан қақтығысты тоқтатуды талап етеміз.