Армения Қарулы күштері Бас штабының басшысы қызметінен алынды

Армения премьер-министрі елдің Қарулы күштері Бас штабының басшысын қызметінен босатты. Бұған дейін оның бірінші орынбасары да лауазымынан айырылған. Бірақ бұған әскерилер наразылық танытып, үкімет басшысы Никол Пашинянның отставкасын талап еткен.

Айтуларынша, бұл шешімді қабылдау кезінде ұлттық әрі мемлекеттік мүдделер ескерілмеген. Алайда премьер-министр «әскерилер осылайша төңкеріс жасамақ болды» дейді.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

- Қарулы күштердің Бас штабының басшысы мен бірінші орынбасарын қызметінен босату туралы шешіміне қол қойылғаннан кейін әскерилер менің отставкамды талап етіп, мәлімдеме жасады. Біздің басты мақсатымыз азаматтық билікті сақтап қалу. Өйткені қазір болып жатқан жағдайлардың барлығын әскери төңкеріс жасауға талпыныс деп бағалап отырмыз.

Соңғы дерек бойынша биліктің саясатымен келіспеген жұрт Азаттық алаңында ереуіл ұйымдастырған. Ал премьер-министр Маштоц даңғылына өз жақтастарының алдына шыққан. Осы ретте Ұлттық қауіпсіздік қызметі қауіпсіздікке қатер тудыратын кез келген әрекеттен аулақ болуға шақырды. Ал оппозиция парламенттің кезектен тыс отырысын өткізуді талап етіп отыр. Осы ретте қазір қол жинау жүріп жатыр.