Орталық Американы аштық жайлады

Аймақтағы Сальвадор, Гватемала, Гондурас және Никарагуада соңғы екі жылда аш адамдардың саны 4 есе өскен.

Мұндай сұмдық мәліметті Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін мамандар жариялады.

Сарапшылардың айтуынша, аштыққа аталған 4 мемлекеттегі экономикалық дағдарыс себеп. Қазір бұл елдерде 8 миллионға жуық адам бір тілім нанға мұқтаж. 2018 жылы аш-жалаңаш жандардың қатары 2 миллион 200 мыңдай болған. Сондай-ақ Гондураста былтыр қарашада екі рет дүлей дауыл соғып, үйлерді қиратып, қарапайым халық үшін жығылғанға жұдырық болды. 

Марлин Розалес, жергілікті тұрғын:

- Коронавирусқа дейін де біздің жағдайымыз қиын болатын. Жұмыссыз жүрдік. Індет келген соң да одан сайын тығырыққа тірелдік. Бәрі жабылды. Коменданттық сағат жарияланды. Сөйтіп сыртқа шығып, нәпақа табудан біржола қалдық. Бізде соқыр тиын да жоқ. Балаларымыз дімкәс, аштан бұратылып жүр. Өзіміз нәр татпасақ та, барымызды осы балалардың аузына саламыз. Басқа елге кетейік десек, шекарадан өткізбейді.

Мигель Баррето, БҰҰ Азық-түлік бағдарламасының латын америкасы бойынша директоры:

- Зерттеуімізге сәйкес, адамдардың 15 проценті «басқа елге көшсем ғой» деген ойдың жетегінде жүр. 2018 жылы қоныс аударғысы келетіндер қатары 8 проценттей болған еді. Туған елінен безінуге экономикалық дағдарыс мәжбүрлеп отыр.  Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік бағдарламасы биыл 2 миллион 600 мың адамға көмек беруді жоспарлап отыр. Бірақ бұл үшін бізге 46 миллион доллар қажет.

Сондай-ақ...