Португалияда төтенше жағдай режимі тағы екі аптаға ұзартылды

Португалия билігі елдегі төтенше жағдай режимінің мерзімін тағы екі аптаға ұзартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, аймақтағы қатаң шектеу шаралары наурыздың 16-сына дейін өз күшінде қалады. Билік өкілдері аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың сәл оңалғанымен, шектеулерді бірден жеңілдету қауіпті деп санайды. Ел президентінің айтуынша, карантин талаптары біртіндеп алынуы керек. Мамандар да «вирустың таралуы бәсеңдегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды» дейді.

Айта кетейік, Португалияда соңғы 14 күнде 100 мың адамға шаққанда орта сесеппен 287 науқас тіркелуде.

Марселу Ребелу де Соуза, Португалия  президенті:

- Ауруханаға түскен жандардың қатары әлі де болса көп. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдету әлі ерте. Тіпті індет ушыққан кезге қайта оралуымыз мүмкін. Әрине, мектептеріміз ашылмай, экономикамыз да біраз қиыншылықтарға тап болды. Алайда халықтың денсаулығы бірінші орында.