Египетте қонақ үйлер туристер үшін бағаларын түсіруге дайын

Египет экономикасына елеулі үлес қосып келген туризм саласы коронавирус пандемиясына байланысты тұралап қалған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Мысыр билігі наурыз айында туризм саласының тамырына қан жүгіреді деп үмітті. Бұл негізсіз емес, өйткені келесі айда тек біздің елімізден Хургада шипажайына 5 мыңдай отандасымыз саяхаттап бармақшы. Мамандар қазіргі жағдайда бұл жетістік деп бағалап отыр.

Хургадағы қонақ үйлердің жартысынан көбі бағасын 30-40 процентке дейін түсіруге дайын. Пандемияның кесірінен Египеттегі туризм саласы соңғы 40 жылдағы ең ауыр дағдарысты бастан кешіп отыр. 

Суад Ганем, мейманхана кешенінің аға әкімгері:

– Қазақстаннан бөлек шипажайларымызға оралуға Германия да ниет білдірді. Италия да қарастырып отыр. Бұрын Хургаданың туризм саласы туристер келмей қалуы мүмкін деп уайымдамайтын. Алайда пандемия басталғалы бәрі өзгерді, қазір қазақстандықтарды асыға күтіп отырмыз. 

Десе де бұл жеңілдіктер ұзаққа созылмайтын сияқты. Өйткені туристерді тарту үшін бағаларын төмендетіп отырған қонақ үйлер шығындарын да ақтауы керек. Уәдені үйіп-төккенімен, үкімет туризм саласына айтарлықтай қолдау көрсеткен жоқ. Сондай-ақ елдегі қаржылық дағдарыстың да кері әсері бар. Азық-түлік қымбаттап, жылжымайтын мүлікті жалға алу құны өсіп кетті. Тек туристер көптеп келгенде ғана, қонақ үйлер өз бағасын төмен деңгейде ұстап тұра алады.

Далида Марвиш, заңгер:

– Хургада тәуекелге бел буып отыр, мұндағы қонақ үйлердің жартысынан көбі бағасын мүмкіндігінше төмендетеді. Бұл жеңілдіктер маусым айына дейін жалғасады деп ойлаймын. Кәсіпкерлер туристерді тарту үшін бар күшін салады. Ал бұған жетудің бірден-бір жолы – бағаны арзандату. Шынын айтсақ, бұл ва-банк ойынына ұқсас, көптеген мейманхана банкрот алдында тұр, десе де соңғы рет тәуекелге дайын.

Ел билігі де туристердің көңілін аулауға тырысып бағуда. Жуырда жоғары лауазымды тұлғалар Хургаданың әуежайын тексерді. Барлық қонақ үйлерді мұқият зерттеп, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде шипажай қонақтарды қабылдауға толық дайын деген қорытынды шығарды.

Светлана Брахмит, Әмір Мұрад