Қарағанды облысында екі тәулікте қардың 1,5 айлық мөлшері түсті

Қарағанды облысында екі тәулікте қардың бір жарым айлық мөлшері жауып, тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таң атпастан жұмысқа асыққан көпшілік кешігіп қалған. Себебі автожолдарда да ұзын-сонар кептеліс орнаған. Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, қазірдің өзінде тек Қарағанды қаласында 6 бірдей жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір облыс орталығының көшелерінде қызметкерлер мен 300-ге жуық техника тынымсыз еңбек етіп жатыр. Ал, облыс көлемінде 8 бірдей бағыт бойынша жол жабық жатыр.

Ермағанбет Бөлекпаев, қала әкімі:

- Біздің бірінші мақсат қоғамдық көліктердің жүруін қамту, одан кейін әлеуметтік нысандарға жолды ашу болып табылады. Оған 3-4 күн уақыт берілді. Майқұдықта ЖКО болып, көлік кептелісі болған, қазір ғана сол жерден келдім, мәселе шешімін тапты.