Украинаның батыс аймағы қатаң карантин режиміне оралды

Коронавирустың қайта өршуіне байланысты Украинаның бес бірдей облысы қатаң карантин режиміне оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ бұл облыстардың территориясына бекеттер қойылды, олардың бірқатары тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Елдің батыс өңіріне қатынайтын теміржол тасымалы да уақытша жұмысын тоқтатты.

Винницк, Закарпатье, Ивано-Франковск, Житомир және Черновицы – Украинаның бес бірдей облысы қауіпті қызыл аймаққа енгізілді. Қалааралық көлік және теміржол қатынасына шектеулер енгізілді. Мейрамханалар мен дәмханалар, сауда орталықтары жұмыс істемейді. Көңіл көтеретін ойын-сауқ орындары да қызметін тоқтатқан. Балабақшалардың да есігі жабық, оқу орындары мен мектеп қашықтан оқу жүйесіне көшірілген. Өңірдегі карантин тәртібі 12 наурызға дейін жалғасады.

Денис Шмыгаль, Украинаның премьер-министрі:

– Ивано-Франковск облысындағы эпидахуал нашар, осыған байланысты карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. 26 ақпаннан бастап өңірде эпидемиологиялық қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Аймақтағы ауруханалар науқастарға лық толы, сондықтан 120 төсек-орынмен және қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық ауруханалардың біріне жылжымалы аурухана орналастырылды. Індеттің бұдан да өршіп кетуі мүмкін, сондықтан тұрғындарды әлеуметтік жауапкершілікке шақырамыз.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Қауіпті қызыл аймаққа атақты шаңғы курорты Буковель де енгізілген. Дей тұрғанмен бұл жердегі қонақүйлер адамға лық толы. Көріп тұрғандай, мына жерде сырғанаушылар санында есеп жоқ, ал әлеуметтік арақашықтық мүлдем сақталмаған.

Ирина, Киев қаласының тұрғыны, демалушы:

– Жақсы демалып жатырмыз, адам көп. Әсіресе, сырғанаушылар көтерілетін орында кезек көп. Мейрамханалар жабық, алайда жиналып, тамаққа тапсырыс бере аласың, қонақүйлер және ондағы бар, дәмханалар жұмыс істейді

Мария, Киев қаласының тұрғыны, демалушы:

– 4-5 күнге демалуға келіп едік, елде карантин. Еуропаға бұрынғыдай бара алмайсың. Адам көп, қызыл аймақ болса да осы жерге қыдырып келдік

Атап өту керек, Украинада жаппай вакцинациялау басталды. Елге Үндінің AstraZeneca екпесі жеткізілді. Алдағы екі айда медицина қызметкелерін вакциналау жоспарланған. Алайда түрлі әлеуметтік сауалнама елдегі медицина мамандарының үнді екпесіне күмәнмен қарайтынын анықтаған. Олардың тек 38 проценті ғана тегін вакцина салдыруға дайын екенін айтқан, ал жартысынан көбі екпе алуға асықпайды екен. Үкіметтің күнтізбелік жоспары бойынша биылғы жылдың соңына дейін 14 млн тұрғынын вакциналау жопарланған.

Аида Қыдырбай