АҚШ-та жұмыссыздар жәрдемақыдан салық төлеуге міндеттелді

АҚШ-тың Ішкі кірістер қызметінің зерттеуі бойынша америкалықтардың 95%-і мемлекеттік қазынаға салық төлеуді азаматтық борышы санайды екен.

Алайда пандемия уақытында салық төлеуге қарсы шығып жатқандардың қатары көбеюде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені індет кезінде жұмыссыздарға берілген жәрдемақыдан да салық төлеу міндетті екен.

Талғат Алманов, тілші:

- COVID-19 пандемиясының алғашқы айларында жұмыссыз қалған америкалықтардың саны 23 миллионнан асқан еді. Еңбек нарығы мен елдегі жалпы жағдай біршама жақсарғанымен, екі қолға бір күрек таппай отырғандардың саны әлі де 10 миллионнан асып жығылады. Осы уақыт аралығында миллиондаған америкалықтар жұмыссыздарға арналған жәрдемақыға жүгініп, мемлекеттен қаржылай көмек алып келген еді. Алайда, қызығы сол, аталмыш жәрдемақыны алған кез келген азамат кіріс салығын төлеуі тиіс болып шықты. Мұндай жаңалықты көпшілік күтпеген көрінеді.

Дэвид Смит, аудитор:

- Бұл мен үшін «тосынсый» болды. Мен былтырғы сәуір айынан бері жұмыссыздарға арналған жәрдемақы алып келдім. Және де салық төлеу керек екенін мүлдем білген жоқпын. Қазіргі уақытта мен мемлекетке 1500 доллар берешек екенмін. Бұл сұмдық қой енді?!

Жұмыссыздыққа арыз бергендердің 40%-і мемлекеттен бөлінген жәрдемақыдан салық төлеуге міндетті екенін білмеген. Салық төлеуге қатысты жеңілдіктер де қарастырылмаған. Ал салық жинауға жауапты Ішкі кірістер қызметі көмекке жүгінген америкалықтардың барлығы сәуірдің 15-іне дейін салықтарын төлеп үлгеруі тиіс деп отыр. Болмаған жағдайда, салықтан жалтарғандардың жылжымайтын мал-мүлкін тәркілеуге дейін шаралар қарастырылған.

Джастин Привинзки, қаржыгер:

- Көптеген азамат мұндай ережеден бейхабар. Алайда мемлекеттен берілген қаржылай көмек кіріске жатады. Ал кез келген кірістен салық төленуі тиіс. Заң сондай. Яғни пандемия уақытында жұмыссыз қалған адамдарда кіріс болды деген сөз. Алайда бір реттік ынталандыру чектері бұл санатқа жатпайды. Ол чектерден салық ұсталмайды.

Дей тұрғанмен, халықтан салық алу я алмау туралы соңғы шешім әр штатта әртүрлі. Мәселен, АҚШ-тың 6 штатында жәрдемақыдан алынатын кіріс салығы мүлдем жоқ. Ал Мэриланд және Делавер штаттары болса, пандемия уақытында жәрдемақыға жүгінген америкалықтардан салық алуды уақытша тоқтатуды жөн көрген.

Талғат Алманов, тілші:

- Осы аптада Иллинойс штатының сенаторы Дик Дюрбин Конгрес мүшелерін ақылға шақырып, салық салуды жеңілдетуді федералды деңгейде көтеру керек деп мәлімдеді. Айтуынша, елді әбігерге салған пандемия уақытында қиналған жандарға салық емес, көмек қолын созу керек дейді. «Алайда уақыт тым тығыз», дейді мамандар. Өйткені салық төлеудің дедлайнына бар-жоғы бір айдай уақыт қалды.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров