Мьянмадағы масқараны тоқтатуымыз керек – БҰҰ

Мьянмадағы соңғы оқиғалар әлемдік қауымдастық назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар әскерилердің әрекетін қатаң сынға алып, зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Алайда Мьянмадағы жағдайдың тұрақталатын түрі жоқ.

Жұрттың жағасын ұстатқан бұл кадрлар Мьянмада түсірілген. БҰҰ-ның өкілдері 3 наурыз қанды күнге айналғанын айтады. Мамандардың бұлай деуі бекер емес. Кеше жапай тәртіпсіздік кезінде Мьянмада 38 адам көз жұмған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, күштік құрылым өкілдері ереуілге қатысушыларға оқ атқан. Полицейлер жарақат алған жұртқа көмек көрсеткен дәрігерлерге де шабуыл жасаған деген мәлімет бар. 

Кристин Шранер Бургенер, БҰҰ-ның Мьянмадағы арнайы уәкілі:

– Мен ереуіл кезінде түсірілген түрлі бейнежазбаларды көрдім. Солардың бірінде полицейлер жедел жәрдем бригадасын соққыға жығып жатыр. Енді басқа роликте тәртіп сақшылары шеруге қатысушыны өздерімен бірге әкетіп, жақын қашықтан оқ атады. Бұл масқараны тоқтатуымыз керек.

Жаппай ереуілге 1 ақпандағы оқиғалар себеп. Ол кезде елдегі билік әскерилердің қолына өткен. Ал президент пен бірнеше жоғары лауазымды тұлғалар қамауға алынды. Әскерилер былтырғы сайлау кезінде нәтижелер бұрмаланды деп отыр. Сол үшін елде төтенше жағдай жарияланды. Бұған тұрғындар келіспей, наразылық акцияларын өткізіп келеді. Бірақ көп жағдайда мұның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып жатыр. Салдарынан бір айдан астам уақыт ішінде 50-ден аса адам көз жұмған.  

Әскерилердің әрекетіне тек тұрғындар ғана емес, әлемдік қауымдастық та қарсы. Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы осы мәселеге қатысты шұғыл отырыс өткізді. Ұйым құрамына Мьянма да кіреді. Қатысушылар елдегі ахуалға қатысты алаңдаушылық білдірді.

Ретно Марсуди, Индонезия сыртқы істер министрі:

– Мьянмада болып жатқан оқиғаларды естіп, қабырғамыз қайысып отыр. Бейбіт тұрғындардың қазасы жайлы естіп жатырмыз. Біздің пікірімізше, бұл демократияға қайшы келеді. Алайда Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының басты саясаты ұйымға мүше өзге елдердің ішкі ісіне араласпауды көздейді. Біз де бұл қағаданы бұза алмаймыз. Дегенмен Мьянма билігіне адам құқықтарының бұзылмауы да аса маңызды екенін еске салғымыз келеді.

АҚШ сөзден іске көшіп, Мьянманың әскери қолбасшысына санкция салды. Австралия, Ұлыбритания мен Еуроодақ өкілдері әскерилерден тұтқындалған шенеуніктерді босатуды талап етіп отыр. Ертең БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі елдегі ахуалға қатысты жабық отырыс өткізуі тиіс.   

Жұлдыз Атагельдиева, Алмагүл Серікбаева

Сондай-ақ...