Грекияда такси жүргізушілері ереуілге шықты

Грекия астанасында такси жүргізушілері ереуіл ұйымдастырды. Олар наразылық акциясы ретінде көшелерді жауып тастаған.

Наразылық шарасына биліктің шектеу шараларын қатаңдатуы себеп. Тұрғындарға үйінен 2 шақырымнан алыс жерге баруға болмайды. Оның өзінде де тек велосипедпен не жаяу жүру керек. Яғни көлікпен қатынауға рұқсат жоқ. Сол себепті такси жүргізушілері нәпақасынан айырылып, қиын жағдайда қалғандарын айтады. Олар үкіметтен қаржылай көмек қажет екенін айтады. Сондай-ақ биліктен салықты азайтуды сұрап отыр. 

Панайотис Маврикис, такси жүргізушісі:

- Біз санитарлық талаптардың барлығын қатаң орындаймыз. Көріп тұрғандарыңыздай, маска тағып, қауіпсіз қашықтық сақтаймыз. Бірақ сонда да билік тұрғындарға таксимен қатынауға рұқсат бермей отыр.