Лондонда автобус жүргізушілері ереуілге шықты

Лондонда автобус жүргізушілері ереуілдетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңадаған адамның жұмысқа шықпауына байланысты жолаушылар діттеген жеріне жете алмай әлек. «Жұмыс беруші пандемияны сылтауратып, жалақымызды қысқартпақшы», - дейді көлік иелері. Ереуілшілермен лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы тілдесіп көрді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Джейкоб Стефаник 12 жылдан бері автобус жүргізушісі болып еңбек етеді. Үйленген, мектеп жасындағы екі баласы бар. Пандемия кезінде қымбатшылықты қалтасы көтермегендіктен, Лондоннан тысқары жерге көшуге мәжбүр болды. «Жалақы қысқарса, отбасын асырау тіпті қиындап кетеді», - деп қорқады ол.

Джейкоб Стефаник, жүргізуші:

- Шынымды айтсам, пандемия кезінде еңбегімізді лайықты бағаланғанын қалаймыз. Компания ұсынып отырған жалақы кісіні қорлау. Бұл Лондондағы ең төмен айлық. 2015 жылдың деңгейімен төлегелі отыр. Қиын-қыстау кезде алғы шепте жүрген жұмысшы ретінде бағаламайтыны қынжылтады.

Жұмыс беруші RATP Group – француз автобус компаниясы. Үш еншілес мекемесі Лондонда жолаушы тасымалымен айналысады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, компанияның жылдық табысы 5 млрд фунт, яғни 2,5%-ке артқан. «Ал басшыларының жалақысы 54%-ке  көбейді», - дейді наразы топ. Компания кеңселер мен қоймаларға инвестиция құюға әзір болғанымен жүргізушілердің еңбегін бағалауға келгенде тарылатын көрінеді.

Мишель Брейвбой, Кәсіподақ ұйымының аймақтық өкілі:

- Иә, ереуіліміз жолаушылардың жүріп-тұруына кедергі келтірмей қоймайды. Негізі біз оларға қолайсыздықтар туғызғымыз келген жоқ. Жұмыс беруші компания мұндай келеңсіздіктерді болдырғысы келмесе, біздің талаптарымызды орындаулары керек. Өткен аптада біз олармен кездестік, бірақ ортақ мәмілеге келе алмадық.

2000-нан астам жүргізушінің атынан жауын-шашынға қарамастан, ереуілге шыққан белсенділер «наразылық шараларын наурыздың әр сәрсенбісінде өткіземіз» деп отыр. Осылайша, Лондонның оңтүстігі мен батысында қатынайтын 80-ге жуық жолаушы бағытында іркіліс көп. Қоғамдық көлікке жауапты Transport for London мемлекеттік мекемесі тараптарды тезірек ортақ мәмілеге шақырады. Өйткені екі ортада мыңдаған жолаушы зардап шегіп жатыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы