Чехияда миграция төңірегінде дау шықты

Праганың қоғамдық ұйымдары биліктен миграция мәселесін қайта қарап, жүйені реттеуге шақырды.

Кейбір азаматтар елде келімсектер қатары көбейіп кетті деп қынжылады.

Әсіресе, Украина мен Беларусьтен келгендер көп. Алайда билік өкілдері мигранттардың көмегінсіз көптеген кәсіпорын тұралап қалады дейді. Өйткені елдегі зауыт пен фабрикаларда негізінен келімісектер жұмыс істейді.

Чехия билігі мигранттарды құшақ жайып қарсы алып тұрған жоқ. Өткен жылы үкімет келімсектерді Еуроодаққа мүше елдерде теңдей бөлу жөніндегі үкімге келіспеген еді. Ал енді қоғамдық ұйым өкілдері де кірмелерге қарсы шыға бастады.

Ондржей Борей, заңгер:

– Чехтердің келімсектерге көзқарасы екіұшты. Мәселен, сайлаушылар қазіргі премьер-министрді мигранттарға қарсы ұстанымы үшін қолдаған болатын. Негізі чехтер кірмелерге қарсы емес, тек заңсыз миграцияға наразы. Өйткені заңсыз келген адамдар жиі қылмыспен айналысып, көшеде қаңғып жүреді. Арасында содырлар да болуы мүмкін. Ал біз тыныштықты қалаймыз.

Өткен жылы көші-қон полициясы Чехияда заңсыз тұрған 7 мыңнан астам шетелдікті анықтады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 25 процентке артық. Жалпы 11 миллион халқы бар елде 4 миллиондай мигрант еңбек етіп жүр. Сарапшылардың пікірінше, зауыттар мен фабрикаларда келімсектер еңбегіне сұраныс жоғары. Өйткені Чехия тұрғындары ауыр жұмыс істегісі келмейді.

Теодор Коларж, Прага еңбек биржасының аға маманы:

– Ахуалды сараптасақ, бізде қара жұмысты мигранттар істейді. Шағын құс фермасында келімсектерге 550 еуро төлейді. Бұл елде белгіленген ең төмен жалақыдан сәл жоғары. Осындай ақшаға чехтер тауық жүнін жұлуға келіспейді. Жергілікті халық осыдан 10 жыл бұрын ауыр жұмыс істейтін мигранттарды құрметтейтін. Ал қазір көзқарас өзгерді, өздері де еңбек еткісі келмейді, өзгелерге де жұмыс істетпейді.

Праганың қоғамдық ұйымдары көшеде тәртіп орнатуды талап етті. Алайда олардың арыз-шағымында кірмелердің жасаған қылмысына қатысты нақты дерек жоқ. Полиция да қарап қалмай, өз статистикасын келтірді. Оған сәйкес жергілікті тұрғындар мигранттарға қарағанда ондаған есе жиі құқық бұзады екен. Дау болмас үшін еңбек биржасы фабрика мен зауыттарға қажет мамандықтар тізімін жариялап, ең алдымен жұмыспен чехтерді қамтуға уәде берді. Алайда бір апта ішінде Чехияның тек 8 азаматы осыған келіскен.

Александр Грэс, Павел Невид