Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 11%-ке артты

Әлемде COVID жұқтырғандар қатары көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, соңғы аптада науқастар 4 миллионға, ал құрбандар саны 11%-ке артқан. Коронавирустың өршуі жаңа штамдардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Індеттің мутацияланған түрлері бірнеше мемлекетте өршіп тұр. Жаңа штамдар қаншалықты қауіпті? Вакцина вирус түрлерінен құтқара ала ма? Ұлыбританиядағы меншікті тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы жауап іздеп көрді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Англияда вакциналау науқаны сәтті жүргізілгендіктен, ковидпен ауруханаға түскендер саны 92%-ке кеміген. Сондықтан карантиндік шектеулер кезең-кезеңімен жеңілдетіліп, көшеде кісі көбейді. Дей тұрғанымен, үкімет жанындағы ғылыми-консультативті топ мүшелері жазда үшінші толқын болуы ықтимал деп ескертеді. Бұған елдің сол уақытта локдауннан толық шығуы және жаңа штаммдардың шабуылы себеп болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда вирустың 3 жаңа түрі алаңдаушылық туғызып отыр. Біріншісі 2020 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Африкада анықталып, оңтүстік континентті толық шарпып үлгерді. Екіншісі дәл сол уақытта Біріккен Корольдікте табылып, қазір 50-ден астам елге жайылды. Оның адамнан адамға жұғуы тез – 70%-ке жылдамырақ тарайды. Ал соңғысы Бразилияда өршіп тұр.

Надхим Захави, Ұлыбританияның вакцина министрі:

- Вирустар әрі қарай жылдам тарау үшін ағзада мутацияға ұшырайды. Әлем бойынша олардың 4000 түрі тіркеліп отыр. Кейбірінің күші өте жойқынды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Еуропа елдерінде коронавирустың жаңа штамдары кең тарап, ауруханаларға салмақ түсіп жатыр. Себеп діни мерекелерге байланысты халықтың бір-бірімен кездесулері жиілеп кеткен. Тек соңғы апта ішінде ковидтің 1,6 млн жағдайы тіркеліп, 24 мың адам қайтыс болған. Ал Ұлыбританияда жағдай керісінше, өткен жылдың желтоқсанынан бері вакциналау науқаны қарқынды жүргізілгендіктен, жетпістен асқандар арасында кемінде 6 мың адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болған.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық бюросының директоры:

- Вакцина пандемияны жеңудің бірден бір жолы. Ол аурудың асқынуынан сақтап, инфекцияның таралуын болдырмайды. Бірақ вакциналау науқаны өте баяу жүріп жатыр. Ал науқастар саны артқан сайын жаңа штамдар пайда бола береді.

Мутацияға ұшыраған вирустарды Ұлыбританияға кіргізбеу үшін билік шекараны жауып тастай алмайды. Сондықтан «қызыл тізімдегі» мемлекеттерден келген жолаушыларға өз есебінен арнайы қонақ үйлерде оқшаулану міндеттеледі. Келген елі туралы жалған ақпарат бергендер 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мейманханадан бас тартқандары 10 мың фунт айыппұл төлеуі керек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы