Украинада коронавирустан бір тәулікте 481 адам қайтыс болды

Еуропа елдері арасында коронавирустың таралуы бойынша Украина бірінші орында тұр.

Күніне бес жарым мыңнан астам адам ауруы асқынып, емхана жатқызылуда.Тәулігіне індеттен 481 адам қайтыс болған. Күніне мемлекет бойынша жиырма мыңға жуық адам ковид жұқтырады. Елдің 11 облысы қауіпті қызыл деңгейде тұр. Киев қаласы қатаң карантин режимін айдың соңына дейін сақтайтын болады.

Бесінші сәуірден бастап Киев қаласы карантин режимін күшейтті, қазір метро мен автобус сияқты қоғамдық көлік түрімен енді қолында арнайы рұқсат қағазы бар адам ғана қатынай алады, мектеп пен балабақша жабылған. Қаладағы ковидке арналған төсек орындарының тапшылығы байқалады, осыған байланысты шаһар мэрі Виталий Кличко Үкімет үйі, денсаулық сақтау министрлігі мен Украина медициналық ғылымдар академиясынан ковидке шалдыққан науқастарды ведомствалық емханаларға жатқызу жолдарын қарастыруды сұрады.

Максим Степанов, Украина денсаулық сақтау министрі:

– Қазір эпидемиологиялық жағдай қиын. Мемлекеттік емханаларда 47 мың науқас жатыр. Біз емханалардағы оттегімен қамтылған төсек орындарының санын мүмкіндігінше арттырдық, олардың саны 67 мыңға жетті. Басқа да ауруларды емдеуіміз қажет, сондықтан ковидке қатысты жағдай осылай жалғаса беретін болса, медицина оны көтере алмайды.

Ковидпен күресте жалпыхалықтық екпеге Украина билігі зор сенім артып отыр. Үндістаннан Украинаға алғашқы 500 мың доза вакцина ақпан айының соңында жеткізілген. Бүгінде 15 мыңнан астам украиналық екі рет салынатын екпенің алғашқысын алып үлгерді. Ұзақмерзімді келіссөздердің нәтижесінде Украинаға енді америкалық Pfizer вакцинасының 10 млн данасы осы жылдың аяғына дейін жеткізілмек.

Максим Степанов, Украина денсаулық сақтау министрі:

– Мемлекет тәулігіне 400-500 мың екпе еге алады. Дегенмен мұндай мүмкіндікті толық пайдаланып жатқан жоққпыз. Айына 5 тен 7 млн-ға дейін вакцинаны салуды жоспарлаймыз. Сонда ғана  жыл соңына дейін халықтың 50 ден 70 процентіне дейін екпе алып үлгермек.

Соңғы сағаттағы мәлімет ковидтің таралуы бойынша Украина Еуропа елдерінің арасында алғашқы орында тұрғанын айтады. Тәулігіне 15 мыңнан 20 мыңға дейін адам коронавирус жұқтырады. Тек бір күнде бес жарым мыңнан астам адам емханаға жатқызылады. Қайтыс болғандар саны соңғы сағаттағы статистикаға сай тәулігіне 481 адамға жеткен.

Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Сондай-ақ...