Кедей елдердегі вакциналау науқаны алаңдаушылық тудырды

Ал әлемде 520 миллионнан аса адам коронавирусқа қарсы екпе жасады. Солардың ішінде тек 0,1 проценті кедей елдердің азаматтары.

Осылай деген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері вакцинаның тең бөлінбей жатқанына қатысты алаңдаушылық танытып отыр. Әлемде соңғы 6 апта қатарынан коронавирус жұқтыру деректерінің күрт артуы байқалып отыр дейді мамандар. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ахуал күрделі. Мұнда соңғы аптада қауіпті індетті жұқтырғандар саны 36 процентке артқан. Ұйым өкілдері пандемияны еңсеру үшін әлем халқының шамамен 70 проценті екпе салдыру қажет дейді. Алайда әзірге көп елде вакциналау науқаны баяу жүріп жатыр.

Мұхаммед Ахмад Әл-Бахасс, Сириядан келген босқын: 

- Мигранттар орталығында бізден ешкім «вакцина салдырасыңдар ма» деп сұрап та жатқан жоқ. БҰҰ хабарлама жолдапты. Алайда онда не жазылғанын түсінбедік.