ЕО мигранттардың Түркия аумағында қала беруіне қаржылай көмек ұсынды

Еуроодақ Сириядан ағылған босқындарды Түркия аумағынан шығармау үшін қаржылай көмек ұсынып отыр. Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Түркия басшысы Реджеп Тайип Ердоған аймақтағы ушыққан миграция мәселесін Анкарада талқылады. Келіссөздер нәтижесінде тараптар босқындардың кәрі құрлыққа шықпауы үшін тұрақты түрде Еуроодақ тарапынан қаржыландыру болады деп уәде беріп отыр. Ал Түркия адам құқығын қорғау мәселесіне баса назар аударуы тиіс.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия басшысы:

- Түркия халықаралық нормаларды сақтап, адам құқығын қорғау мәселесіне назар аудару керек. Түркияның Ыстамбұл конвенциясынан шыққаны өте өкінішті. Әр тарап өз міндеттерін орындайды деп үміттенемін. Түркиядан Грекия аралдарына ағылған босқындар кері қайтарылу керек. Бұл Еуроодақ үшін маңызды шарттардың бірі.   

Бүгінде Түркияда шамамен 4 млн жуық босқын бар. Олардың көбі сириялық. Ресми Анкара Еуроодақтың 2016 жылы қол қойылған миграциялық келісімге сәйкес өз міндеттерін орындамағанын айтып бірнеше мәрте шағымданған еді. Құжатқа сәйкес, босқындар Түркияда қалғанымен бұл өңірге сырттан гуманитарлық көмек көрсетілуі тиіс болатын. 

Жерорта теңізі арқылы кәрі құрлыққа табан тіремек болғандардың саны толастамай тұр. Өмірін қатерге тігіп, қайыққа отырғандар жолда апатқа ұшырап жатады. Жуырда Гран Канария аралдарының құтқарушылары ондаған кірмені өлім аузынан аман алып қалды. Жалпы пандемияға қарамастан биыл мигранттардың қарасы 2019 жылмен салыстырғанда 8 есеге артқан. Сапарға шыққан жүздеген адам орта жолда опат болды. Жуырда Грекия билігі Түркияның жағалау күзетін Таяу Шығыстан шыққан босқындарға шекара асу үшін көмектесті деп айыптады. Түркия тарапы мигранттарды кері қайтарып жатқан Грекияға өкпелі.

Нотис Митарачи, Грекияның миграция мәселесі бойынша министрі:

- Таяуда Түркия жағалауынан шыққан босқындар заңсыз Еуропаға өтпек болды. Қауіпті кемеге отырған келімсектерді Грекияға жеткізу үшін  Түркияның әскери теңіз флоты мен жағалау күзетінің қызметкерлері көмек көрсеткен. Кірмелерді өз еліне қайтаруды талап етеміз.

АҚШ-қа Латын Америкасы елдерінен келген мигранттардың санында да шек жоқ. Наурыз айының өзінде Мексика мен АҚШ шекарасынан 171 мың мигрант өткен. Бұндай бір айлық көрсеткіш  соңғы 20 жылда тіркелмеген. Бүгінде Мексикамен шекаралас жерде кірмелерді орналастыру үшін қосымша орталықтар ашылып жатыр. Мигранттардың арасында кәмелет жасқа толмаған балалар көп. Қазір Джо Байден әкімшілігі 5600 баланың қандай жағдайда және не себептен ата-аналарынан айырылғанын анықтап, балғындарды отбасына қосу мәселесін қолға алу керек дегенді алға тартады.