Қилы себеппен Қазақстанды тұрақты мекендеген шетелдіктер аз емес

Пандемияға байланысты Қазақстанда еңбек мигранттарының саны 60 процентке азайған. Бірақ елде тұрақтаған шетелдіктер аз емес. Көбі қызметі бойынша ауысып, осында шаңырақ көтеріп жатыр. Отбасымен қоныс аударғандары да бар. Қонаққа келіп, қалып қойғандары қаншама?! Енді осы елдегі шетелдіктер не дейді екен?

Надежда Ковалева Қазақстанға Украинаның Донецк қаласынан 2014 жылы көшіп келді. Қоныс аударуға тарихи отанындағы саяси жағдайдың әсер еткенін жасырмайды. Балаларының болашағына алаңдаған ана қазақ жеріне тұрақтау туралы жолдасының ұсынысына бірден келіскен. Бірақ алғашында бұл идеяға күмәнмен қараған.

Надежда Ковалева, қала тұрғыны / Украина /:

- Саяси ахуалға байланысты туған қалаңда тұра алмаған қиын екен. Оның үстіне 3 баламыз бар. Тыныш жер іздегеніміз рас. Мұнда көшіп келгенде балаларым бір айдан соң мемлекеттік тілде сөйлей бастады. Өйткені оқу орталығының орыс топтарында орын болмады. Сосын қазақ тобына бердік. Жергілікті жастардың қоғамдық жерде үлкендерге орын беріп құрмет көрсететіні таң қалдырды. Украинада ондай жағдайды сирек көресіз. Қазір Қазақстанда тұруға ықтияр хатымыз бар. Кім біледі, бәлкім болашақта азаматтық та алып қалармыз. 

Азаматтық алсақ деп ойланып жүргендердің бірі Ульви Мурадов. Ата-анасы бұдан 20 жыл бұрын Әзербайжаннан қоныс аударған екен. Қазір елордада құрылыс саласында жұмыс істейді. Мұнда тұруға рұқсат беретін ықтиярхаты да бар.

Айтуынша, Қазақстан - ашық мемлекет. Ең бастысы тыныш, ерінбегенге жұмыс табылады.

Ульви Мурадов, қала тұрғыны /Әзербайжан/:

- 2000 жылдардың басында ата-анамды жора-жолдастары осында қонақ болып кетуге шақырыпты. Олар Қазақстанды ұнатып, болашағын осы елмен байланыстырды. Әсіресе әкем жергілікті құрылыс саласына елеулі үлес қосты. Тарихи отанға қайту әзірге жоспарымызда жоқ. Бірақ ел азаматтығын алу туралы ойланып көрмедім. Қазақ тілін түсінемін, ара-тұра сөйлеймін. Өйткені әзербайжан тілі де түркі тілдер санатына жатады.

Жалпы қазір елдегі еңбек мигранттарының саны біршама азайған. Өйткені пандемия кезінде қатынас тоқтап, біршама бизнес жұмысын уақытша тоқтатты.

Арман Робертұлы, қалалық көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

- Жыл басынан қалада шетелдіктер саны 72 процентке қысқарды. Оның ішінде жұмыс істеу мақсатымен келгендердің саны шамамен 60 процентке кеміді. Есепте тұрған 4 мың шетелдік мейманның 3 мыңнан астамы еңбек мигранты саналады.

Сөйтіп, екі қолға бір күрек табамыз деп Қазақстанға келген еңбек мигранттарының жалпы саны 2019 жылы 38 мың болса, былтыр 27 мыңға дейін азайды. Бұл көрсеткіштің әзірге көбейе қояр түрі көрінбейді. Өйткені әлемді жайлаған пандемия көп іске қолбайлау болып тұрғаны анық. 

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Асхат Қарақойшиев