Румынияда темір-терсек жинап тапсырумен күнін көретін елді мекендер бар

Қазір әлемде 40 миллион адам кәдімгі тура мағынасындағы құлға айналған. Бұл халықаралық зерттеу ұйымдарының мәліметі. Дамудың даңғыл жолына түсті деген Еуропаның өзінде құлдық әлі жойылмаған. Румынияда темір-терсек теріп, күнін әрең көріп жүрген тұтас елді мекендер бар.

Бұл адамдарды Еуропада «қазіргі заманның құлдары» деп атайды. Олар арбамен темір-терсек жинап-өткізіп, күнін көреді. Бұл жерде санитарлық талаптар мүлде сақталмайды. Ауыз су мен электр жарығы атымен жоқ. Дұрыс жол да салынбаған. Тепсе темір үзетін жігіттер күні бойы қоқыс кезіп, табыс тауып жүрсе де отбасын асырай алмай жүр.  

Михаи Брату, жергілікті тұрғын:

- Металдарды, шыныларды өткізіп, тиын-тебен тапқан боламыз. Бірақ бәрібір жетпейді. Бала-шағамыз аш-жалаңаш. Ал байлар виллалар мен сарайларда тұрады.

Елдің Қоршаған ортаны қорғау агенттігі басшысының мәліметі бойынша темір-терсек бизнесінің артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр. Тұрғындардың басқа жұмыспен емес, металл жинаумен айналысқаны соларға тиімді. Оларға бизнесін жүргізетін, өздеріне ғана тәуелді құлдар керек.

Октавиан Берсену, Румынияның қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы:

- Бұл адамдардың балалары мектепке бармайды. Тұрақты жұмыстары жоқ. Негізі қала 10-ақ шақырым жерде. Олар тұратын елді мекен инфрақұрылымнан жұрдай. Біз бұл орынды қайта құруымыз керек. Әрине өзгерісті адамдардың санасынан бастауымыз керек. Ең үлкен мәселе тұрғындар металдарды алу үшін кабельдерді өртейді. Осыдан көп түтін таралып, ауаны ластайды. Зиянды қалдықтар ел астанасы Бухарестке дейін жетеді.

Константин Огразану, Видра коммунасы әкімшілігінің қызметкері:

- Жоғары жақтан арнайы көңіл бөлінбесе, біз бұл жағдайды реттей алмаймыз. Жергілікті әкімшіліктің қолы қысқа. Бізге тікелей үкіметтің қолдауы қажет.

Таяуда полиция 5 мың келі заңсыз мыс тиеген жүк көлігін тәркіледі. Бұл металл сатылып кеткенде қылмыстық топтар 48 мың доллар пайда табар еді.

Автор: Ернат Қашқынов