Шотландия тәуелсіздік алу үшін референдум өткізуі мүмкін

Шотландияда тағы референдум өтуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақты нешім бүгін өтетін парламенттегі сайлаудың қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Егер шотландықтардың басым бөлігі тәуелсіздікті қолдаған Ұлттық және басқа да партияларға дауыс берсе, Лондонға референдум өткізу туралы өтініш берілетін болады. 

Естеріңізге салайық, Шотландияда тәуелсіздік алу жайлы референдум соңғы рет 2014 жылы өткен еді. Ол кезде тұрғындардың 55%-і Біріккен Корольдіктің құрамында қалуды жөн көрді. Енді шотландықтар Лондонның Еуроодақтан бөлініп шыққанына наразы. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон болса референдум өткізуге үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Екінші мәрте референдум өткізу үшін қолайлы уақыт емес. Бұл ақылға қонымсыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір референдумды өткізген едік. Қазір елдің болашағын ойлап, экономикасын қалпына келтіру үшін бар күшімізді салып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.