Жапония төтенше жағдай режимін 20 маусымға ұзартуы мүмкін

Жапония төтенше жағдай режимін 20 маусымға ұзартуы мүмкін

Жапония Токио мен 9 префектурадағы төтенше жағдай режимін 20 маусымға дейін ұзартуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы осы елдің Экономика министрі Ясутоси Нисимура сараптамалық комиссия отырысында мәлімдеді. Ол Жапониядағы коронавирусқа қарсы күрестің орталық штабының жұмысын үйлестіреді. Негізі аталған төтенше жағдай 31 мамырда аяқталуы тиіс. Мұндай режим елдің оңтүстігіндегі Окинава префектурасында 20 маусымға дейін енгізілген. Төтенше жағдай кезінде тамақтану орындарында алкоголь сатылмайды, тұрғындарға себепсіз үйден шығуға болмайды және жұмыс берушілер қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу форматына көшіреді. Соңғы мәлімет бойынша, Жапонияда ковидтен 12 мыңнан астам адам қайтыс болып, 735 мыңнан көбі жұқтырған.

Ясутоси Нисимура, Жапония экономика министрі:

- Осака мен Токиода адамдардың жүріс-тұрысы көбейіп барады. Осыған орай коронавирус қайта өрши ме деген қауіп те күшейіп отыр. Төтенше жағдай режимін ұзартуымыз керек деп ойлаймыз.