Адамзат роботқа кіріптар болып барады

2016 жылы София есімді роботты әлем таныды. Оны жасаған гонконгтық инженерлер енді тағы бір жаңа туындысын паш етті. Есімі Грейс. Бұл робот-медбике. Былай қарасаңыз, он екі мүшесі түгел адам тәрізді. Ол ауруханаларда қарттар және оқшауланған ковид-науқастармен жұмыс істейді. Грейс түрлі медициналық процедуралар жүргізеді. Ағылшынша және қытайша сөйлейді. Тіпті эмоциясын да білдіре алады. 

- Грейс, кәне, маған қарашы! Рахмет! Мен саған қарап жымиямын. Кәне, сен қалай күлесің, көрсетші! Ал енді көңілсіз күйіңді көрсетші!

Грейс, робот:

- Мен науқастардың палатасына барамын. Олардан сараптама алып, медицина қызметкерлеріне көмектесе аламын. Адамдармен сөйлесіп, олардың көңіл-күйін көтере аламын.

Өнертапқыштар Грейстің әсіресе пандемия кезінде көп пайдасы тиетінін айтады. Өйткені медицина қызметкерлерінің вирус жұқтыру қаупі азайады. Сондай-ақ жұмысы да жеңілдейді. Енді екі айдан кейін робот-медбикенің жаппай өндірісі басталады. Сөйтіп, Грейстің ағайындары болашақта Азия елдерінің ауруханаларында да жұмыс істейтін болады. Ал өнертапқынштар бір роботты жасап шығару құны қымбат көліктің бағасына пара-пар екенін айтады. Алайда жаппай өндіріс басталғанда шығын айтарлықтай азаюы тиіс. 

Оңтүстік Кореяның тамақтану орындарында даяшы роботтар көбейген. Олар Қытайдағы медбике секілді адамға ұқсатып жасалмаған. Бірақ көп шаруа тындырады. Мәселен, босаған ыдысты ас бөлмеге жеткізеді, тұтынушыдан тапсырыс қабылдайды. Қазір бұл елдегі 300-ден аса мейрамханада осындай «даяшылар» жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 100 роботты қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Сарапшылар қоғамдық тамақтану саласында әсіресе пандемия кезінде автоматтандырылған құрылғыларға сұраныс артқанын айтады. Өйткені олар келушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты азайтуға мүмкіндік береді. 

АҚШ-тағы асханалар да даяшы роботтарды пайдалана бастады. Өйткені көмегі көп. Қауіпсіздіктен бөлек бір робот төрт даяшының жұмысын атқарады. Оның үстіне тамақ ішемін деп отырып алмайды. Тынымсыз зырылдап жүргені. Ең бастысы, жұмыс күшінің тапшылығы мәселесін шешуге көп пайдасын тигізеді. Соңғы уақытта АҚШ-та дәл осы проблема өзекті. Өйткені көші-қон ережелерінің қатаңдауына байланысты еңбек мигранттары азайған. Олар әдетте тамақтану саласында еңбектенеді. Ал жергілікті тұрғындар жұмыссыздық бойынша өтемақы алған соң жалақысы төмен қызметке барғысы келмейді.  

Эндрю Йоа, мейрамхана иесі:

- Шектеу шаралары жеңілдетіліп, тамақтану орындары қайта ашылғаннан кейін қызметкерлер тапшылығы мәселесі туындады. Осы ретте мына роботтың пайда болғаны қандай жақсы! Ол тапсырыстарды тасиды. Даяшыларға көмектеседі. Түнде роботтарды қуат көзіне қосып қоямыз. Сөйтіп, батареясы бір күнге жетеді. Негізі біздің салада роботтардың көбеюіне пандемия әсер етті. Өйткені жұмыс күшінің тапшылығы осы індетке байланысты. Ал егер коронавирус белең алмаса, мұндай роботтар кештеу, шамамен 5-6 жылдан кейін ғана кең қолданыста болар еді.

Осы АҚШ-та маникюр жасайтын алғашқы робот пайда болды. Жоба авторлары бұл пандемия кезінде таптырмас құрал екенін айтады. Өйткені ол адамдардың қарым-қатынасын азайтады. Тек бір кемшілігі - тырнақты бояумен ғана шектеледі. Одан басқа қызмет көрсете алмайды. Алайда өнертапқыштар бұл уақытша екенін айтады. Яғни болашақта маникюр жасайтын роботтың жаңа функциялары пайда болуы тиіс.

Қытайлық өнертапқыштар робот-студент жасап шығарды. Хуа Чжибин есімді жасанды интеллекттің түрі кәдімгі адам. Бейжіңдегі Цинхуа университетінде оқиды. Өлең жазады, ән шығарады, сурет салады. Адамдардың қандай күйде отырғанын да сезеді. Енді бір жылдан кейін бұл роботтың ойлау қабілеті 12 жастағы баланың деңгейіне жетуі тиіс. Хуа Чжибин оқуын аяқтаған соң жұмысқа орналасады.