Грузияның кілем тоқу дәстүрі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді

Грузия қолдан тоқылған кілемдерімен әйгілі. Алайда оны сату үшін емес, тұрмыста қолдану үшін жасайды. Сондықтан ирандық немесе әзербайжандық кілемдер сияқты кең тараған жоқ. Грузияның тоқыма өнері тек 19-ғасырдың соңында мамандар назарына түсті. Қазір нағыз шеберлерді табу қиын, жастар көп еңбекті қажет ететін бұл кәсіпке қызықпайды. Дегенмен, ұлттық дәстүр мен технологияны ұштастырып, оны дәріптеп жүрген адамдар әлі де бар.

Грузиялық кілемдердің 6 түсі бар. Негізінен тынық күңгірт түске боялады. Ал оюы мен пішініне қарай елдің қай өңірінде тоқылғанын білуге болады. Грузияда бұл кәсіп 13-14 ғасырларда таулы аймақта шыққан. Бұл өңірде қой өсіреді, сондықтан жүнді шикізат ретінде пайдаланды.

Рати Аркания, Кавказ кілемдері галереясының менеджері: 

- Грузиядағы негізгі материал қой жүні. Ал түріне қарай түкті және кестелі кілем деп бөлінеді. Олар тоқу тәсілімен ерекшеленеді, өңі де әртүрлі. Бояулары табиғи заттар - өсімдіктер, гүлдер мен тамырлардан жасалады. Сондықтан мықты. Бізде судай жаңа көрінетін жүз, жүз жиырма жылдық кілемдер бар.

Рати Арканияның отбасы 30 жыл бойы кілем тоқу және саудасымен айналысады. Грузия кілемдерінің атағы жақында шыққан, өйткені оны өзге елдерге сатпайтын. Ел аумағы арқылы Жібек жолы өткендіктен түрлі елдердің кілемін әкеп жүрген.  

Бека Чхаидзе, Кавказ кілемдері галереясының қызметкері:

- Бізде көрші елдердің кілемдері бар. Мынау дәстүрлі армян оюы бар кілем, бірақ Грузияда 70-80 жыл бұрын тоқылған. Чичи деп аталатын әзербайжан кілемі бар. Осыдан 90 жыл бұрын әйгілі дизайнмен жасалған. Пардаги деп аталатын грузиялық жүн кілемді сізге көрсеткім келеді. 1936 жылы тоқылған, шебердің аты-жөні жазылған. Оюы Кахетия өңірін көрсетіп отыр.

Бұл көп еңбекті қажет ететін кәсіп. Бір кілемді тоқуға 6 айдан тоғыз айға дейін уақыт кетеді. Ал оны 300 жылға дейін сақтауға болады. Сондықтан бағасы да арзан емес. 10 мың доллардан қымбат кілемдер де бар. Негізінен қолөнерді бағалайтын шетелдіктер сатып алады.  

Автор: Юлия Тужилкина