Грузияның мемлекеттік қарызының көлемі артты

Грузияның мемлекеттік қарызы соңғы 20 жылда ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Елдің экономикалық еркіндік жөніндегі заң актісінде борыш алудың шегі белгіленген. Алайда пандемия кесірінен экономика құлдырады. Грузия қарыздың көптігінен жақын арада азаматтарына субсидия мен өзге жәрдемақы бөлмейді.

Грузияның әр тұрғынына екі жарым мың доллар қарыз келіп тұр. Мемлекет борышы әсіресе пандемия кезінде өсіп келеді, ай сайын шамамен 34 млн долларға арты. Әрине әлемде қарызы бұдан асатын елдер көп. Алайда мәселен, еуропалық елдердің экономикасы қиындықтарды қиналмай еңсере алады. Ал Грузияда экономика құлдырап, ұлттық валютаның бағасы үнемі құнсызданып келеді.

Георгий Мжаванадзе, ISET Policy Institute аға зерттеушісі: 

- Доллармен есептесек, 15 млдр төңірегінде. Бірақ жалпы сомасы емес, елдің Жалпы ішкі өніміне үлесі мен жыл сайын төленетін проценттері маңызды. Әлем елдерінің көбінде қарызы бізден көп, бірақ Жалпы ішкі өнімінде арасалмағы төмен.  

Грузия қарыздың шектеулі шамасынан асты. Қазір мемлекеттік қарызы Жалпы ішкі өнімінің 60%-інен жоғары. Көптеген халықаралық қаржылық ұйымдар мен елдерге берешек. Арасында Еуроодақ, Ресей мен Қазақстан бар.

Георгий Мжаванадзе, ISET Policy Institute аға зерттеушісі: 

- Несие берушілер Грузияға тәуекелді ел ретінде қарайды. Сондықтан проценттерін көтереді. Осылайша бізге қарыз қымбат түседі. Жыл сайын оны өтеуге ақша көп кетіп жүр. Ал бұл зейнетақыны көтеруге немесе өзге де әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға жетпейді. Себебі бюджетте қаражат аз қалады. 

Елге сенім азайса, қарыз проценттері көбейеді. Осылайша елдің экономиканы дамытып, халқына қолдау көрсетуге қаражаты азаяды. Үкімет жылдың аяғына дейін мемлекеттік борышын Жалпы ішкі өнімінің 57%-іне дейін азайтуға уәде берді. Алайда сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, экономиканы шұғыл түрде қалпына келтіріп, мемлекеттік шығынды азайтып, инвестиция тарту қажет. Бұған ұзақ жылдар кетуі мүмкін. Ал әзірше қарыз өсіп келеді.  

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили