Ұлыбританияда маска тағу міндеттелмейді, түнгі клубқа дейін түгел ашылады

Англияда 19 шілдеден бастап ғимарат ішінде бетперде тағу талабы алынып тасталады.

Үйде алты адамнан артық жиналуға, кеңсеге барып жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қоғамдық орындар, тіпті түнгі клубтарға дейін түгел ашылады. Концерттер мен футбол ойындары көрермендерінің санына қойылған шектеулер алынып тасталады. Вакцина салдырғандардың саяхаттан оралған соң үйде оқшаулану мәселесі де жақын күндері шешімін таппақ. Премьер-Министр Борис Джонсон жеке өзі көпшілік жерлерде бәрібір маскамен жүретіндігі туралы мәлімдеді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

– Әлбетте, өте сақ болуымыз керек. Біз жағдайды жіті бақылауда ұстауға тырысамыз. Үшінші толқын болатынын әрдайым ескертіп жүргенімізді ұмытпаңыздар. Ковидпен күреске бағытталған жол картасын жоспарлағанымызда науқастардың саны мен кісі өлімі осыншама көп болады деп ойламаған едік.

Джонсонның пікірінше, карантиндік шектеулерді алып тастау бастамасы вакциналау науқанының сәтті жүргізілуімен тікелей байланысты. Ұлыбритания екпе салдырғандар саны бойынша Еуропада көш бастап тұр. 19 шілдеге дейін ересектердің үштен екісі вакцинаның қос дозасын алып үлгереді деген жоспар бар. Бірақ Премьер-министр осы айдың соңына таман болжам бойынша ковидті жұқтырғандар санының күніне 50 мыңға дейін жетуі мүмкін екендігін ескертті. Ал қыста жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін.

Крис Уитти, Англияның Бас дәрігері:

– Қыс, сөзсіз, өте қиын болады. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне ковидтің де, респираторлық вирустардың кесірінен де салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан біз шындыққа тура қарауымыз керек. Әсіресе, өте тез тарайтын ковидтің дельта нұсқасы өмірімізді шынымен де қиындатып жіберетін түрі бар.

Ұлыбританияда күзде вакциналау науқанының қосымша бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қыркүйекте халықтың тең жартысына ковидке қарсы екпенің үшінші дозасы ұсынылмақ. Вакцина алдымен 50-ден асқан адамдарға қос иығына егіледі. Үшінші екпенің ковидке қарсы иммунитетті нығайта түседі деген үміт бар.

Тағы бір ақпарат Оксфорд ғалымдары бұған дейін AstraZeneca және Pfizer екпелерін араластыру арқылы олардың тиімділігін жоғарылатуға болады деген шешімге келген еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ғылыми жаңалықты құптағанымен, Ұлыбританияда вакцина қоры жеткілікті болғандықтан ел билігі екпелерді араластыруды әзірге жоспарлап отырған жоқ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы