Вакцина салдыру бәріне бірдей міндетті емес – Франция президенті

Францияда келесі аптадан бастап санитарлық төлқұжатсыз 50 адамнан көп жиналатын мекемелерге кіруге болмайды.

Яғни тек вакциналанған немесе ПТР-тесті бар адамдарға баруға рұқсат етіледі. Тамыз айынан бастап кафе мен мейрамханаларға, вокзал, пойыз бен ұшақтарға екпе салғаны туралы құжатсыз кіргізбейді. Медициналық мекемелер мен қарттар үйлерінің қызметкерлерінің түгелі екпе салдыруға тиіс. Әйтпесе қыркүйек айының ортасынан жұмысқа жібермейді. Шекаралардағы бақылау да күшейтіледі.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Вакциналау бәріне бірдей міндеттелмейді. Алайда көбірек адамға екпе салдыру үшін, санитарлық төлқұжаттың ауқымын кеңейтеміз. Сондай-ақ дельтадан да жұқпалы жаңа штамдардың шығуына жол бермес үшін шара қабылдауды жалғастырамыз. Бұл барлық адамдарды вакциналауды қажет етеді. 

Індеттің үшінші толқыны бәсеңдегеннен кейін елдегі жағдай тұрақталды. Алайда сантиарлық шаралар күшейтілмесе, тамыз айында төртінші толқын басталуы мүмкін. Оның өтуін күтпей, теңіздің ар жағындағы Франция өңірлерінде төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізу шешімі қабылданды.