Бейжіңде 18 жастан асқан халықтың 95%-іне вакцина салынды

Бейжіңде 18 жастан асқан азаматтардың 95 проценті коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған.

Қытай халқына 1 жарым миллиардқа жуық вакцина дозасы салынған. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігі осындай мәлімет таратты. Дегенмен, ведомство өкілдері нақты қанша адамның толық екпе алғанын ашып айтпады. Енді ел билігі жасөспірімдерді вакциналауға кірісті. Ол үшін екі препарат мақұлданған.

Бейжіңде 18 жастан асқан азаматтардың 95 проценті коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған. Бұл бүкіл Қытай бойынша ең жоғары көрсеткіш. Ел билігі келтірген мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін тұрғындарға шамамен 1,5 миллиард доза салыныпты. Препарат таусылып, вакциналау науқаны тұралап қалмас үшін ел билігі қазір өндіріс қарқынын үдетіп жатыр.

Тянь Юйлун, ҚХР Индустрия және ақпараттық технология министрлігінің бас инженері:

- Жыл басынан бері вакцина өндіру мен оны жеткізу жұмыстары жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Шілдедегі есеп бойынша өндіріс қуаты 5 миллиард дозаға жеткен. Осының арқасында ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз.

Елде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін билік өкілдері 17 жасқа дейінгі азаматтарды вакциналауға рұқсат берді. Кей өңірлерде бұл науқан басталып та кеткен.

Ло Хуэй, терапевт:

- 15-17 жас аралығындағы балаларға вакцина көлемі жеткілікті. Енді осы санаттағы азаматтар ковидке қарсы препаратты демалыс күндері қабылдайды.

Қытайда тұрғындарды вакциналау науқаны үлкен қарқынмен жалғаса береді. Себебі елдегі ахуал әлі де қауіпті. Мәселен, Қытайдың оңтүстігінде орналасқан қалалардың бірі осымен төртінші рет коронавирус ошағына айналып отыр. Сырттан келген жағдайлар да азаймай тұр. Бұған қоса алдағы ақпанда өтетін қысқы Олимпиада ойындары бар. Сондықтан дүбірлі додаға дейін ел билігі халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырып үлгіруі тиіс.

Ботагоз Сыргабаева