Ауғанстандағы ахуал Орталық Азия елдеріне қауіп төндіріп отыр

Ауғанстандағы ахуал Орталық Азия елдеріне қауіп төндіріп отыр
фото: ogbors.livejournal.com

Өз ішінде қырқысып жатқан Ауғанстандағы ахуал соңғы айларда ушығып, Орталық Азия елдеріне қауіп төндіріп отыр.

Осы елде 20 жыл соғысқан АҚШ әскері кете бастаған соң «Талибан» қозғалысының содырлары ірі қалаларға шабуылды үдетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауғанстанмен көршілес Ресей, Тәжістан мен Өзбекстан бірлескен әскери оқу-жаттығуын өткізді.

Ауғанстандағы соғыс 2 тараптың арасында болып жатыр. «Талибан» қозғалысына қарсы Үкімет әскері мен АҚШ қарулы күштері бірлесе күресуде. Тәліптердің қарқыны қатты, бет қаратар емес. Соңғы бірнеше күннің ішінде олар 2 провинцияның орталық қалалары – Зарандж және Шиберганды басып алды. Қазір содырлар Герат, Лашкаргах және Қандағар сияқты ірі шаһарларға шабуыл жасап жатыр.

Дебора Лайонс, БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:

- Ауғанстандағы соғыс жаңа, сұрапыл және қанқұйлы кезеңге аяқ басты. «Талибан» маусым мен шілдеде біраз жерді басып алды. Енді ірі қалаларға ауыз сала бастады. Өткен айда ғана мыңнан астам адам қаза тапқанын білемін. Бұл соғыс Сириядағы қырғынды еске салады. Тәліптер стратегиялық тұрғыда «өліспей беріспейміз» дегенге бас тіккен сияқты.

Ашраф Ғани, Ауғанстан президенті:

- «Талибанға» бірнеше сұрағым бар. Біріншіден, сендер кім үшін соғысып жатырсыңдар? Сендер Ауғанстанның жат елдің бодауында болғанын қалайсыңдар ма? Қазір күніне 200-ден 600-ге дейін ауған азаматы ажал құшуда. 50 миллион долларға салынған 3 көпірді талқандап тастадыңдар. Мыңға жуық үйді бомбалап, жермен-жексен еттіңдер. Көксегендерің осы ма?

Соғыстан бас саулаған қарапайым тұрғындар көршілес елдерге қашып жатыр. Бірақ «Талибан» олардың да жолына бөгет жасауда. Тәліптер Пәкістанмен арадағы шекара бекеттерін жауып тастады. Содырлар Пәкістан билігінен ауған азаматтарынан виза сұрамауды талап етуде. Осының кесірінен үлкен кезек пайда болды. Әсіресе, басынан күн өткен балаларға қиын.

Яқут, Ауғанстан азаматы:

- 3 күн бұрын Пәкістанға туысымның жаназасына келген едім. Елге қайтайын десем шекара жабық тұр. Ақшам да қалған жоқ. Бір түйір тамақ та жоқ. Аштан өлетін болдым. «Талибан» басшыларынан шекараны ашуды жалынып сұраймын.

Ауғанстандағы жағдайға алаңдаған Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан шекара бойынша бірлескен оқу-жаттуғы өткізді. 5 тамызда басталған әскери іс-шара 10 тамызға дейін жалғаспақ.

Ендігі сұрақ. Ауғанстандағы қазіргі ахуалдың бұлайша қарқын алуы іргелес мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін ғой. Қандай сын-қатерлерді назарда ұстаған дұрыс? Жалпы Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының басты мақсаты – қазіргі ел үкіметін бағындырып, діни бағытта мемлекет құру.

Осы тұрғыда Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты жекелеген араб елдерінде тәліптерге жақтасатын күштер бар. Бұл туралы қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы «Әлем» бағдарламасына арнайы берген сұхбатында мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, ауған еліндегі соңғы жағдайдың Орталық Азияға, оның ішінде, Қазақстанға кері әсері болмай тұрмайды. Сондықтан саясаттанушы Қазақстан аймақтағы ұжымдық қауіпсіз мәселесін алға тартып, Ресеймен бірлескен іс-әрекеттерді назарда ұстағаны жөн деп есептейтінін жеткізді. Сондай-ақ Расул Жұмалы Түркия Ауғанстанға әскерін жіберуі мүмкін екенін алға тартады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Кабулдың маңындағы Баграм деген әуежайын келіп бақылайтын Түркия әскерлері болуы мүмкін деген әңгіме бар. Түркия бұған дайындығын білдірді. Бір жағынан бұл мұсылман мемлекеті, екінші жағынан НАТО бойынша Американың одақтасы. Әрине, әзірше Түркия тарапы және Түркия президенті Ердоған бұл елге, Ауғанстанға кең ауқымды әскерін жіберуі неғайбыл, бәлкім шектеулі бір мөлшердегі әскерін жіберетін шығар. Оның міндеті біреуі ғана – сол Баграм әуежайын ұстап тұру. Бұл әрине, Америка және оның одақтастары үшін маңызды нысан. Сыртқы әлеммен қатынауы, жағдай ушығатын болса қашу мәселесі осы әуежаймен байланысты. Бірақ одан кең ауқымда Түркия әскерінің бұл елге орнығуы, соғыс қимылдарын жүргізуі неғайбыл. Бұл бір жағынан Түркияның өз мүддесіне онша келе бермейді, Түркияның бұған мүмкіндігі де жете бермейтін шығар тікелей шекаралас болмағаннан кейін және үшіншіден, Түркия мұсылман мемлекеті, бұл жерде қазір мұсылман әлемінің, араб әлемінің ұстанымы бар, араб елдері Түркия сияқты мемлекеттің бұған араласуын жақтырмауы мүмкін.