Кабул Талибанның бақылауына өтуі мүмкін

Кабул Талибанның бақылауына өтуі мүмкін

Талибан қозғалысы небәрі бір аптада Ауғанстандағы 9 провинцияның орталығын басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше ел президенті Ашраф Ғани солтүстіктегі ең ірі қала Мазари-Шарифке барды. Сапар барысында Мемлекет басшысы аймақтағы әскери басшылармен бірқатар кездесу өткізді. Бұған дейін тәліптер енді дәл осы шаһарды басып алуды көздейтіндерін жариялаған еді. Жалпы Еуроодақтың дерегі бойынша бүгінгі таңда содырлар ел аумағының 65 процентін бақылайды. Және ел астанасына жақындай түскен. Болжам бойынша, тәліптер қазіргі қарқынымен ілгерілей берсе, алдағы 3 айда Кабул Талибанның бақылауына өтуі мүмкін.

Сет Джонс, стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтының вице-президенті:

– Бірнеше әкімшілік орталық тәліптердің бақылауына өткеннен кейін ауған үкіметіне деген сенім айтарлықтай төмендеп кетті. Бүкіл ел бойынша президентке деген қолдау да азайды.

Пәкістан премьер-министрінің айтуынша, Ашраф Ғани президент қызметінен кетпейінше, Талибан қозғалысының жетекшілері ел үкіметімен келіссөздер жүргізбейді. Сондықтан қазіргі жағдайды саяси жолмен реттеу қиын көрінеді дейді үкімет басшысы. Айта кетейін, осы күндері Дохада Ауғанстандағы ахуалды реттеу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.