Ауғанстанда тәліптер тағы бір қаланы басып алды

Ауғанстанда тәліптер тағы бір қаланы басып алды
BBC

«Талибан» Кабулға жақын маңдағы Газни қаласын басып алғанын мәлімдеді.

Бұл туралы хабар «Ассошиэйтед пресс» агенттігінде жарияланды. Ауған билігінің мәліметі бойынша, тәліптер қаладағы басты мекемелер – губернатордың кеңсесі, полиция учаскесі мен түрмені өз бақылауына алған. Әлеуметтік желілерде таралған видеоларда тәліптердің көшеде емін-еркін жүргені көрініп тұр. Елдің Қорғаныс министрлігі қарулы қақтығыс кезінде күніне 200-ден көп  содырдың көзі жойылып жатқанын айтады. Қазір соғыс қимылдары бірнеше провинцияда қатар жүріп жатыр. Сондай-ақ «Әл-Жазира» арнасының хабарлауынша, Ауғанстан үкіметі тәліптерге зорлық-зомбылықты тоқтатып, ел басқару ісіне қатысуды ұсынған. 

Айта кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерін әкете бастаған кезден ушықты. Кейбір дерек көздері бойынша, тәліптер ел аумағының 65 процентін жаулап алған.