Ауған босқындарының ішінде күдіктілер бар

Известия

Қазір бірқатар ел өз азаматтарымен бірге ауған босқындарын да эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Алайда мигранттарды қабылдау қауіпті деген пікірлер де жиі айтылып қалады. Біреулер коронавирус өршіп кете ме деп қауіп ойласа, енді біреулер солармен бірге содырлар еніп кете ме деп қорқады. Мұны жоққа да шығара алмайсыз. Өйткені неміс әскерилерінің эвакуациясы кезінде Германияға кезінде ауыр қылмыс үшін депортацияланған Ауғанстан азаматтарының қайтып келгені белгілі болды.

АМЕРИКАЛЫҚТАР 37 МЫҢ АДАМДЫ ЭВАКУАЦИЯЛАДЫ

«Ауғанстандағы жағдайға Ақ үй әкімшілігі жауапты. Сондықтан тәліптерден қашқан босқындарды да осы АҚШ қабылдасын». Соңғы уақытта осындай пікірлер жиі айтылады. Негізінде қазір Кабулдан өз азаматтары мен ауған босқындардын ең көп эвакуациялап жатқандар осы америкалықтар. Олар тамыздың ортасынан бері 37 мыңға жуық адамды алып шыққан. Келісім бойынша, америкалықтар бұл жұмыстарды 31 тамызға дейін аяқтауға тиіс.

Эвакуацияланып жатқандар қатарында АҚШ азаматтары мен әскерилерден бөлек ауған босқындары да бар. Елден кету үшін Ауғанстан азаматтары СИВ деп аталатын арнайы бағдарлама бойынша сауал жолдауы керек. Бұл бағдарламаға АҚШ үкіметімен және қарулы күштерімен жұмыс істеген адамдар қатыса алады. Ондай мүмкіндік 22 мың азаматта бар. Әзірге америкалықтар 1200 босқынды эвакуациялады. Олар үш әскери базаға орналастырылған. Бірнеше штаттың губернаторы мигранттарды өз аумағына қабылдауға әзір екендерін айтты. Алайда кейбіреулер «қазір коронавирус өшіп тұрғанда бұл қаншалықты қауіпсіз?» дегенді алға тартады. Алайда билік елге келгендер түгел вирусқа тексеріліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ барлығына екпе салынатын айтады.

Ал эвакуация кезінде қиындықтар аз болып жатқан жоқ. 15 тамыздан бері Ауғанстаннан жеткізілген 3 келіншектің босанғаны белгілі. Тіпті біреуінің толғағы Германиядағы америкалықтардың әскери базасына бет алған ұшақта келген.

Эрин Браймер, капитан:

– Бізге ұшақ бортында бір әйелдің босанғалы жатқаны туралы хабарланды. Қажетті жабдықты дайындап, бірден әуе кемесінің қонатын орнына аттандық. Келіншекті ешқайда көшіріп үлгермедік. Ол тура ұшақтың ішінде босанды. Кішкене қорықтық. Бірақ бәрі жақсы өтті.

 

БОСҚЫНДАРДЫҢ ІШІНДЕ КҮДІКТІЛЕР БАР

Германия да эвакуация жұмыстарына қатысып жатыр. Неміс әскері осы күнге дейін Ауғанстаннан 3 жарым мыңнан аса адамды алып шыққан. Олардың арасында Германияның және өзге де Батыс елдерінің азаматтары мен ауған босқындары бар. Жергілікті «Вельт» басылымының хабарлауынша, солардың арасына бұған дейін елден депортацияланған 3 адамның болғаны анықталды. Олар кезінде зорлау және есірткі саудасы үшін отанына кері қайтарылған екен. Енді, міне, қайтадан өзге босқындармен бірге Германияға жеткен. Қазір билік бұл азаматтардың тағдырына қатысты қандай шешім қабылдарын білмей бас қатырып отыр.

Босқындар демекші, Ауғанстанның бұрынғы байланыс және ақпараттық технологиялар министрі қазір осы Германияда пицца тасушысы болып жұмыс істеп жүр. Сайед Ахмад Саадат ведомствоға бөлінген ақшаны тәліптермен күреске жұмсауға қарсы болып, отставкаға кеткен болатын. Содан кейін Германияға қоныс аударған.

 

ТҰРҒЫНДАР АУҒАН БОСҚЫНДАРЫНЫҢ КЕЛУІНЕ ҚАРСЫ

Ауғанстандағы босқындар мәселесіне көршілес елдер аса қатты алаңдап отыр. Мәселен, Пәкістан азаматтары «бізге мигранттар керек емес» дейді. Өйткені мұнда ауған босқындары онсыз да көп. Жергілікті тұрғындар көрші елден тағы адамдар ағылса, жағдайымыз тіптен қиындап кетеді дегенді айтады.  

Мохаммад Юсаф, жергілікті тұрғын:

Біз тұратын Кветта қаласы Ауғанстанмен шекараға жақын орналасқан. Қазірдің өзінде шаһар мен оның төңірегінде 3 миллионнан аса ауған босқыны бар. Негізі өзіміз де жетісіп жүрген жоқпыз. Ауруханаларда орын жоқ. Өзіміз күнімізді әрең көріп жүргенде, олар жергілікті кәсіпкерлерге бәсекелестік тудырып отыр.

 

ЕЛДЕН КЕТКІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП

Ауғанстандағы азаматтарды эвакуациялау тек Кабулдағы халықаралық әуежайда жүргізіледі. Сондықтан қазір жалғыз әуе айлағы бәрін бірдей қабылдап, құжаттарын рәсімдеп үлгермей жатыр. Алайда тәліптерден қашқан жұрт қайткен күнде де елден кетуіміз керек деп әуежайды қоршап алған. Түнде осы маңда ашық аспан астында түнеуге мәжбүр. 

Сарапшылар өзге елдердің ауған босқындарын қабылдауда нақты бір шешімге келуі екіталай екенін айтады. Өйткені 2015 жылғы көші-қон дағдарысынан кейін Еуроодақ мемлекеттері мигранттарды өз аумағында орналастыру бойынша келісіміге келе алмаған болатын. Сондықтан бұл жолы да тәліптерден қашқан Ауғанстан азаматтарына қатысты дәл сондай жағдай қайталануы мүмкін деген күдік басым.

Авторы: Жұлдыз Атагелдиева