Миграциялық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады

Миграциялық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады

Жаһанда миграциялық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады. Өз елінен тыныштық таппаған босқындар өзге мемлекеттерді паналауға тырысып жатыр. Соңғы кездері Таяу Шығыс елдерінен Литва, Латвия мен Польшаға Беларусь арқылы жетуге тырысқандар көбейген. Ал олардан қорғану үшін кей Еуропа мемлекеттері шекарада қоршау тұрғызып жатыр. АҚШ пен Мексикадағаы жағдай да мәз емес.

Беларусь шекарасы арқылы Еуроодақ аумағына ағылған мигранттар нөпірі тұтас кәрі құрлықты алаңдатып отыр. Еуропаға табан тіремек болғандардың дені Ирак, Ауғанстан мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтары. Беларусь үкіметі оларды елде ұстамаймыз деп, босқындар көшін көрші мемлекеттерге бұруға тырысып жатыр. Ал Еуропа елдерінің басшылары оларды қабылдамайтынын айтады. Жуырда Польша билігі шекарасында төтенше дағдай режимін жариялап, аймақтағы қауіпсіздікті күшейте түсті.

Дегенмен, мигранттардың өміріне алаңдаушылық білдіргендер де бар. Өз билігінен үй-күйсіз қалғандарға жәрдемдесуді сұраған польшалықтар парламент алдында бас көтерді. Жиналғандар адамның өмірі саяси мәселелерді шешуге арналған құрал емес екенін айтып, мигранттарға қолайлы жағдай жасау керек деген талап қойды.

Литва мен Беларусь шекарасында да миграциялық дағдарыс дендеп барады. Жыл басынан бері Литва аумағына сырттан 4 мыңнан астам адам келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп дейді сарапшылар. Мигранттар нөпірін тоқтату мақсатында Литва билігі шекарада 508 шақырымдық қорған тұрғызбақ. Тиісті құжатты жергілікті үкімет қана емес, Еуроодақтың өзге елдері де қолдап отыр. Жуырда Чехия билігі бұл шараға өз тарапынан қаржылай көмек көрсететіні жөнінде жариялады. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім бойынша Чехия билігі Литваға 530 мың еуро бөледі. 

Якуб Кулханек, Чехия Республикасының сыртқы істер министрі:

- Беларусьтің бұл әрекеті үшін қарсы шара қолдануымыз керек. Қажет болса қосымша санкциялар енгізілуі тиіс. Не болса да Еуропалық одақ қол қусырып отырмайды. Тиісті әрекеттер қабылданады.

Габриэлиус Ландсбергис, Литваның сыртқы істер министрі:

- Литва шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Чехия Республикасы көмек көрсетуге ниетті. Бұл Литва елінің жеке мәселесі ғана емес, бұл Еуроодақтың да мүддесіндегі жағдай. Одаққа мүше елдердің қолдауына ие болғанымыз қуантады.

Жуырда Ұлыбританияға бет алған мигранттар Ла-Манш бұғазында ұсталды. Шамамен 750 адам кемемен жолға шыққан. Олардың арасында Иран, Эритрея мен Ливия елдерінің азаматтары бар. Келімсектер Дувр қаласының портына жеткізілді. Жалпы жыл басынан бері Ла-Манш бұғазы арқылы 12 мың 500 адам Ұлыбританияға жетпек болды. Өмірін қатерге тіккендер апатқа жиі ұшырап жатады. Мигранттардың нөпірін тежеу үшін Франция билігі қайық саудасына тыйым салды.

Сальвадор, Гватемала, Гондурас, Гаити, Венесуэла және Кубалықтар да Мексика мен АҚШ шекарасының тыныштығын кетірді. Жуырда Мексиканың тәртіп сақшылары 800-ден астам келімсекті шекарадан өткізбей кері қайтарған. Құрама штаттарына бет алғандар Мексиканың Чьяпас штатынан әрі қарай өте алмай қалды. Мигранттардың керуенін тарқату үшін тәртіп сақшылары күш қолданған. Қазір Мексика аумағында 147 мың босқын тіркелген.