Нью-Йоркте теракт құрбандарын еске алу рәсімі өтті

Нью-Йорктегі Ұлттық мемориалда 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік құрбандарын еске алу рәсімі өтті.

Оған Президент Джо Байден мен әйелі, сондай-ақ Ақ Үйдің бұрынғы басшысы Барак Обама да жарымен қатысқан.

Марқұмдарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Артынша 20 жыл бұрынғы оқиғалар кезінде көз жұмған стюардессаның әкесі сөз сөйлеп, кейін қаза тапқандардың есімдері оқылды.

Нью-Йорктегі шарадан соң Президент Пенсильванияға аттанады. 20 жыл бұрынғы қанды оқиғалар кезінде лаңкестер басып алған ұшақтың бірі осы штатқа құлаған еді. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде лаңкестер 2 ұшақпен Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда орталығын соққан еді. Тағы бір лайнер Пентагонды нысанға алса, басқасы Пенсильваниядағы алқапқа құлады. Салдарынан 3 мыңға жуық адам көз жұмған.