БҰҰ-ның климат жөніндегі есебін дайындауға қатысқан ғалым «Хабар 24» арнасына сұхбат берді

БҰҰ-ның климат жөніндегі есебін дайындауға қатысқан француз ғалымы «ядролық энергетикасыз ғаламдық жылынуды, бәсеңдету мүмкін емес» деп санайды. Өйткені жаңғыртылатын қуат көздері, адамзаттың энергетикаға деген сұранысын толық жаба алмайды. Осы тұста беделді сарапшы Франсуа-Мари Бреон арнамызға берген сұхбатында атом электр станцияларының қажеттілігін де қаперге салды.

Климатолог Франсуа-Мари Бреон ядролық энергетиканың жақтаушы әрі қоршаған ортаны белсенді қорғаушылардың бірі. Бұл екі ұғым бір-біріне қарама-қайшы көрінуі мүмкін. Бірақ ғалымның пікірінше, жаһандық жылынуды бәсеңдету үшін мүмкіндігінше ауаны ластауды азайту қажет. Ал мұның ең оңтайлы жолы - таза энергетиканы дамыту. Оның көзі Күн, жел, су және атом. Франция атом энергетикасы бойынша әлемде көш бастап келеді. Жұмыс істеп тұрған 56 реактор елдегі бүкіл электр энергиясының 70 процентін өндіреді. 

Франсуа-Мари Бреон, физик-климатолог, климат ғылымдары мен қоршаған орта зертханасының маманы:

- Ядролық энергетика Францияның бір артықшылығы екені анық. Бізде электр қуаты Германия, Англия және Нидерландпен салыстырғанда екі есе арзан. Қалдықтар аз шығарылады әрі газ өндірушілеріне тәуелділік жоқ. 

Қолданыстағы реакторларда жарты ғасыр бойы бір де бір ірі апат болмаған. Қазір елде реакторлардың үшінші буыны дамытылып жатыр. Онда қауіпсіздіктің қосымша шаралары қарастырылған. Дегенмен ғалымның айтуынша, ядролық энергетикадан да қауіп бар. Сондықтан бұл сала қатаң бақылау мен үлкен шығынды қажет етеді. Алайда климатымыз күрт өзгеріп жатқанда, энергетиканың бұл түрін дамытудан басқа амал жоқ дейді.

Франсуа-Мари Бреон, физик-климатолог, климат ғылымдары мен қоршаған орта зертханасының маманы:

- Қазбалы отынды қолдана берсек, климаттың қатты өзгеретіні анық. Ал ядролық энергетикаға басымдық берсек, қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайта аламыз. Тіпті апат бола қалған жағдайда, ол тек жергілікті ауқымда болады. Сондықтан бүкіл әлемге төнген қауіп пен жергілікті сипаттағы қатер арасында, мен ядролық энергетиканы таңдар едім.

Әлемде өндірілетін электр қуатының 10 проценті атом еншісінде. Жаңғыртылатын қуат көздері де осындай көлемде. Экологтар энергетиканың осы салаларын жиі бір-біріне қарсы қояды. Бірақ басты назарды мұнай, көмір және газдың тұтынуын азайтуға бөлу қажет. Францияда жаңа ядролық реакторлар құрылысы жоспарланған. Еуропадағы ең ірі энергетикалық компания басшысының мәлімдеуінше, алдағы көктемде үкімет 6 жаңа реактор салу мәселесін қарастырады. Осылайша Франция билігі 2050 жылға дейін таза қуат өндіру жөнінде алған міндеттемелерін орындауға күш салмақ. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан