Оңтүстік Корея 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 40% дейін азайтады

Оңтүстік Корея 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 40% дейін азайтады

2030 жылда Оңтүстік Кореяда барлық электр энергияның 30 проценті жел, күн және басқа да жаңартылған энергия көздерінен алынатын болады. Ел билігі парникті газдардың шығарындыларын азайтуға арналған көрмеде осындай жоспар көздеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

Электр және сутекті автомобильдер жыл сайын үнемді, жылдам әрі қолжетімді бола бастады. Әлемдегі ірі болат өндірушілердің бірі көрмеде жеңіл көліктің корпусын ұсынды. Оның салмағы – 207 келі. Қолданыстағы материалдан 30 процентке жеңіл. Батареядағы пластиналар да жұп-жұқа. Бұл көлік жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай батареяны өндіру шамамен 70 процентке арзан болады. Әзірге Кореяда электромобильдерге арналған жанармай құю бекеттері жеткіліксіз. Бұл мәселені кез келген тоққа қосуға болатын қуаты 22 киловатқа дейінгі үйдегі жанармай құю станциясы шешеді.

О Хен Рок, компания өкілі:

- Қуаттау процесін мобильді қосымша арқылы басқаруға болады. Құрылғы қабырғаға ілінеді. Сондықтан электромобиль жолда немесе кемпингте еш қиындықсыз қуатталады.

Көрмеге қойылған тағы бір ерекше дүние – «ақылды күн» батареялары.

Владислав Цой, тілші:

- «Ақылды күн» панелі күннің қозғалысымен жылжып отырады. Және қатты жел соққанда ол өз позициясын өзгерте алады. Бұл технология 30 процентке артық энергия өндіруге көмектеседі.

Әлемдегі парниктік газдардың үштен бір бөлігі мал шаруашылығының үлесінде. Бірақ бұл мәселені шешуге болады екен. Сенсор арқылы сиырдың азығы мен сүт өндіру көлемін басқаруға болады.

Ли Сын Хан, компания өкілі:

- Кореяда фермерлер сиырларға көп жем-шөп береді және оны дұрыс деп  ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Мысалы, Вьетнам мен Қытайда олай емес. Жемнің азаюы метан шығарындыларын азайтып қана қоймай, жануарлардың саулығын жақсартады және фермердің шығынын үнемдейді.

Экологиялық таза автокөліктердің, күн мен жел электр станцияларының көбеюі Корея үкіметіне 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 40 процентке дейін азайтуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян