ЕО: Ауған халқына көмек көрсету «Талибан» қозғалысы үкіметін мойындауды білдірмейді

Еуропалық Одақтың Ауғанстандағы дипломатиялық өкілдігі әрі қарай жұмыс істей береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның басты міндеті – Еуроодақ ұсынған гуманитарлық көмекті үлестіру. Бұл туралы Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлімдеді. Айтуынша, Ауған жерінде Еуроодақ өкілдігінің болуы «Одақтың «Талибан» қозғалысы үкіметін мойындайтынын білдірмейді».

Жозеп Боррель, Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі:

– Еуроодақтың Ауғанстандағы өкілдігі әрі қарай да жұмыс істей береді. Енді оның басты міндеті – ауған халқына көмек көрсету. Бірақ сол көмекті Ауғанстанға жеткізу бойынша біршама қиындық туып тұр. Яғни БҰҰ-нің терроризммен күрес жөніндегі санкциялық тізіміне кіретін қазіргі ауған билігіне қолдау көрсетпей, тікелей мұқтаж азаматтарға көмек жеткізу керек.